Жаңалықтар

Трамп Қазақстанды да Авраам келісіміне қосқысы келеді

2020 жылғы 15 қыркүйекте Ақ үйде Израиль мен бірқатар араб елдері Авраам келісіміне отырды / фото: shutterstock
2020 жылғы 15 қыркүйекте Ақ үйде Израиль мен бірқатар араб елдері Авраам келісіміне отырды / фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды Авраам келісіміне қосуды көздейді. Бұл туралы Reuters бірнеше дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Авраам келісімі – Израиль мен араб елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер. Бейбіт келісім 2020 жылғы күзде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалды. Осындай бастамағының жүзеге асуына Трамп әкімшілігі күш салды.

Авраам келісіміне Қазақстан қосыла ма

2025 жылғы ақпанда Ақ үйге екінші мәрте кірген Трамп үзіліп қалған бастаманы әрі қарай жандандырғысы келеді. Reuters агенттігінің бес дереккөзінің айтуынша, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бейбіт келісімге қосылуы мүмкін.

Дереккөздер мәліметінше, 2025 жылғы наурызда Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездескен. Содан кейін саясаткердің көмекшісі Арье Лайтстоун да Әлиевпен жүздесіп, Авраам келісімін талқылаған. Мәліметті агенттіктің үш дереккөзі растаған.

Олардың айтуынша, Әзербайжанның ресми өкілдері осы мәселені Орталық Азия елдерімен, соның ішінде көршілес Қазақстанмен талқылаған. Өңірдегі тағы қай елдердің осы келіссөзге тартылғаны әзірге белгісіз.

АҚШ мемлекеттік департаменті Reuters-ке нақты елдерді атамаған, алайда бірақ бейбіт келісім аясын кеңейту – Трамптың басты мақсаттарының бірі екенін айтап өткен.

«Біз осы бастамаға көбірек елді тарту үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деп мәлімдеген Құрама Штаттар өкілі.

Ақ үй, Израиль СІМ және Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі агенттік сауалына әзірге жауап бермеді.

Reuters Орталық Азия елдерімен келіссөзді «дәнегі енді ғана салынған» деп сипаттады. Бұл уақытта Әзербайжанмен арадағы келіссөз айтарлықтай ілгері жылжығаны айтылып отыр.

Бейбіт келісімді кеңейтуге не кедергі

Авраам бейбіт келісімін одан әрі кеңеюіне Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Газа секторындағы гуманитарлық апат кедергі келтіруі мүмкін. Мәселен, араб елдері арасындағы ықпалды ел – Сауд Арабиясы Израильді әлі мойындаған жоқ. Эр-Рияд Тель-Авивтің Палестинаны дербес мемлекет деп танығанын қалайды.

Палестина денсаулық сақтау мекемелерінің мәліметінше, Газа секторындағы соғыста 60 мыңнан астам адам қаза тапты. Өңір гуманитарлық дағдарысқа тап болып, әлем елдері жергілікті тұрғындарды аштықтан құтқару үшін әуеден азық-түлік тастап жатыр.

Бұған дейін Эммануэль Макрон Франция қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеген. Содан кейін Ұлыбритания мен Еуропаның тағы бірнеше мемлекеті дәл осындай ниетін жариялаған.