Үкімет ұшақ билеттері мен такси тарифін қайта қарайды

Көлік министрлігіне такси агрегаторлары мен әуе тасымалдау тарифтері бойынша саясатты қайта қарап, қызмет сапасын арттыру жүктелді. Үкіметте тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелеріне қатысты жиналыс өтті.
Ресми мәліметке қарағанда, 2025 жылдың алғашқы алты айында 37 мыңнан аса шағым түскен. Бір жыл бұрын 62 мыңға азамат Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне арызданған.
Бұған қоса, 10 мыңнан аса азамат қатысқан сауалнама нәтижесі жарияланды. Респонденттердің 71 пайызы автокөлік, ал 64 пайызы теміржол қызметіне көңілі толмайтынын айтқан.
Тұтынушылар сынынан соң, азаматтық авиация осы салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат жариялады. Комитеттің мәліметінше, ішкі нарықта төрт ірі әуе компаниясы жұмыс істейді. Ұшақ билеттерінің құны – бағыт пен сатып алу уақытына байланысты 30 бен 80 АҚШ доллары аралығында. Қазіргі таңда 22 әлеуметтік маңызды әуе бағыты мемлекет тарапынан субсидияланып отыр.
Кеңес барысында бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, Көлік министрлігіне такси агрегаторлары мен әуе тасымалдау тарифтері бойынша саясатты қайта қарап, қызмет сапасын арттыру жүктелді.
Бұған дейін елдегі сарапшылар ұшақ билеттері тым қымбат, қызмет сапасы нашар екенін айтқан.
Қазақстанда ұшақ билеттері бір жылда 21 пайызға қымбаттаған.