Түркістандағы электр станциясының құрылысы қалай жүріп жатыр

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Түркістандағы 1 мың мегаваттық электр станциясының құрылыс барысымен танысты.
Кентау қаласында ол «Кентау сервис» мекемесіне қарасты ЖЭО-5-ке барды. Мұнда №5 және №6 қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. №6 қазандықтағы жұмыс аяқталған.
Сондай-ақ вице-министр Түркістан облысында салынып жатқан қуаты 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ электр станциясының құрылысын қарап шықты. Жобаны «ПГУ Туркестан» ЖШС мен оңтүстіккореялық Doosan Enerbility компаниясы іске асырып жатыр.
«Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысындағы электр станциясы жобасын 2022 жылы қолға алған. Қор осы электр станциясы құрылысы жобасын бір еншілес компаниясынан алып, екіншісіне бергені белгілі.
Қуаты 1000 МВт электр станциясы құрылысымен айналысатын «Түркістан Бу-газ қондырғысы» ЖШС «Самұрық-Энерго» компаниясынан Samruk-Kazyna Construction-ның иелігіне өткен.
Станция құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жобаның бас мердігерлері – Doosan Enerbility Co.Ltd және ЖШС Bazis Construction консорциумы.