Жаңалықтар

Қазақстанның қай өңірінде үй бағасы қымбаттап жатыр

Шілде айында еліміздің 6 қаласында пәтер бағасы біршама қымбаттады / Фото: kursiv.media архиві

Шілде айында Қазақстанда екінші нарықтағы пәтер бағасы біршама қымбаттады. Маусыммен салыстырғанда орташа баға 0,9%-ға өсті. Дегенмен әр қаладағы жағдай әртүрлі.

Қай өңірде үй қымбаттап жатыр

Krisha.kz мәліметінше, бағаның ең көп төмендеуі Ақтау (3,6 %),Павлодар (1,3%), Алматы (1,2 %) қалаларында тіркелген. 

Ал Атырау (+1,4 %), Орал (+1,2 %), Қарағанды (+1,1 %), Астана, Ақтөбе және Қызылорда (+1 %)  қалаларында пәтер бағалары сәл қымбаттаған.

Қаңтардан бастап пәтер бағасы орта есеппен 3,6 %-ға өсті. Бағаның ең көп өсуі Қостанайда (+7,6 %), Атырау мен Оралда (5,2 %-ға дейін) тіркелді. 

Ең төмен өсім — Түркістан мен Көкшетауда, 1 %-дың шамасында. 

Жылдық көрсеткіш нарық бағасын ұстап тұр 

2024 жылғы шілдеден бері орташа баға 7 %-ға өскен. Көшбасында Астана (+12 %) тұр. Шымкент, Орал, Өскемен (+9 %), Алматы (+6,2 %). Ең төмен өсім — Түркістанда (+4 %). 

Жуырда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде тұрғын үй бағасы 20%-ға қымбаттайды деген болжамдарға өз жауабын берген болатын.