Интернет-платформалар азаматтар дерегін кірістер органдарына тапсырады

Интернет-платформа операторлары жеке тұлғалар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруы мүмкін. Қаржы министрлігі интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қызметтер мен орындалатын жұмыстар үшін төлем жүргізілмейтін жағдайларда, осы платформаларға тіркелген тұлғалар туралы мәліметтерді кірістер органдарына ұсыну қағидаларының жобасын әзірледі.
Жоба мақсаты – интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғалардың (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) және жеке кәсіпкерлердің кірістерінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Қаржы министрлігі әзірлеген ереже жобасы мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
1. Интернет-платформалар арқылы төлем жүргізілмеген жағдайда, сол платформалар арқылы қызмет көрсететін немесе жұмыс атқаратын тұлғалар туралы мәліметтерді ұсынудың бірыңғай тәртібін, мерзімдері мен нысанын айқындау;
2. Интернет-платформалар арқылы қызмет жүргізетін жеке тұлғалардың (соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) және жеке кәсіпкерлердің кірістерін мемлекеттік кірістер органдары тарапынан тиімді бақылауды арттыру;
3. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер кірістерінің заңдастырылуына және салық заңнамасын ерікті түрде орындау деңгейінің артуына құқықтық жағдай жасау;
4. Қызмет көрсету және жұмыс атқару саласында адал бәсекелестікті дамытуға ықпал ету.
Жоба «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 18 тамызға дейін көпшілік талқылауына ұсынылады.
Еске салсақ осыған дейін Әділет министрі inDrive және Yandex арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысы тексерілетінін ескерткен болатын.Министр табысын әдейі жасыратынды анықтау үшін бұдан былай жаңа тәсіл қолданылатынын айтады.