Жаңалықтар

Түркістан халықаралық әуежайының шығыны кірісінен екі есе асып кеткен

Түркістан халықаралық әуежайының шығыны 3 млрд теңге/Фото: Түркістан облысы әкімдігінің сайтынан

Түркістан облысы әкімдігіне қарайтын Түркістан халықаралық әуежайының жылдық шығыны – 3 млрд теңге болса, кірісі 1,4 млрд теңге. Әуежай әзірге өз шығынын өзі өтей алмай тұр. Әкімдік әуежайды дамыту мен табысын арттыру мақсатында сенімгерлік басқаруға компания іздеп жатыр. Бұған дейінгі вьетнамдық «Sovico Group» компаниясы өз еркімен басқарудан бас тартқан.

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық тасымалды дамыту бөлімінің басшысы Байдәулет Байкөзиевтің айтуынша, Kursiv.Media вьетнамдық «Sovico Group» компаниясы әкімдікке өз компаниясын дамытатынын, Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға алудан өз еркімен бас тартатыны туралы хабарлама берген. Қазір қосымша сенімгерлік басқаруға беру үшін бірнеше компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде отандық «Alpha Sky» әуе компаниясы да бар.

«Сенімгерлік басқаруға берудегі негізгі мақсатымыз әуежайдағы жолаушылар ағынын арттыру және жүк тасымалы динамикасын көтеру. Яғни әуежайды табысты нысан етіп шығару. Сенімгерлікке беру туралы әлі келісім-шарттар, меморандумдар түзілген жоқ. Тек талқылау жүріп жатыр. Біздің қоятын талаптар мен олардың қоятын ұсыныстары қанағаттандырған жағдайда, екі жақты меморандум түзіліп, әуежайды сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр», – дейді Байкөзиев.

Байкөзиевтің сөзінше, сенімгерлік басқаруға алатын компанияға әкімдік бірнеше талап қояды. Оның негізгілерінің бірі 3 жыл ішінде Түркістан халықаралық әуежайын өз шығынын өзі жабатындай етуі керек. Мысалы, 2025 жылы Түркістан халықаралық әуежайының жалпы шығыны 3 млрд теңге деп есептелген. Оның 1,4 миллиард теңгесін облыс әкімдігі есебінен жауып отыр. Қалған бөлігі әуежай табысымен өтеледі.

«Әуежайды күтіп, ұстау жұмыстары бар. Түркістан халықаралық әуежайы акционерлік қоғамы бар. Әуежай қызметкерлерінің жалақысы бар. Жалпы әуежай өз шығынын өзі жабатындай дәрежеге жеткізу керек. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттарын ашу, жүк тасымалы динамикасын арттыру сияқты бірнеше талаптарымыз да бар. Егер біздің талаптарымызды қанағаттандырып, іс жүзінде орындаған жағдайда 3 жылдан соң тағы 10 жыл сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр», – дейді бөлім басшысы.

Түркістан халықаралық әуежайы – Түркістан облысы әкімдігінің меншігіндегі нысан. Қазір әуежайды Түркістан халықаралық әуежайы акционерлік қоғамы басқарып отыр.
Түркістан халықаралық әуежайынан халықаралық Ыстанбұл, Кувейт, Абу-Даби және Самарқандқа әуе рейстері бар. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай және Қарағандыға әуе қатынасы ұйымдастырылған.