Жаңалықтар

Шымкент әкімі ашқан веложол алынып тасталды

Шымкент әкімі ашқан веложол алынып тасталды
Шымкент әкімі ашқан веложол алынып тасталды / Фото: kursiv.media, Дилара Иса

2024 жылы шілде айында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әріптестерімен бірге ашқан серуен аймағынан веложол алынып тасталды. Веложол Қажымұқан стадионынан Дендрологиялық саябаққа дейін созылып жатқан. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, бұл қадам жолаушылар қауіпсіздігі үшін жасалған. Ал велосипедшілерге жаңа жол салынып жатқанын айтады. Бұл шешімге тұрғындардың пікірі әрқилы.

«Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер біріне-бірі кедергі етеді. Жаяу жүргіншілер өте көп. Қауіпсіздік үшін дұрыс. Балаларды қағып кетсе, қиын ғой», – дейді. Екіншісі велосипедке арналған жолақты қалдыру керек деп санайды. «Енді велосипедшілер қалай жүреді?», – дейді тұрғындардың бірі.

Серуен аймағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионнан басталып, Дендрологиялық саябаққа дейін жетеді. Аймақтың ұзындығы бес жарым шақырым, ені 4 метр. 2 метр жаяу жүргіншілер жолы, 2 метр веложолаққа шақталған.

«Веложол мен жүргіншілер жолы жанама орналасқан. Халықтың қозғалу қарқыны өте жоғары. Велосипедшілер, жаяу жүргіншілер және самокат тізгіндеген жасөспірімдер қала тұрғындары өте көп. Алайда қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Жаяу жүргіншілер мен велосипед айдаушылардың арасында салыстырмалы түрде жылдамдық әртүрлі. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Самокат, велосипедтермен жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары тіркелді», – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.

Қалыбаевтың айтуынша, соңғы уақытта серуен аймағында жаяу жүргіншілер көбейген. Олардың ішінде қарттар мен балалар көп. Жыл ішінде велосипедшілер мен сомакатшылардың адам қағып кету деректері тіркеліп, кейбірінде жедел жәрдем қызметі шақырылған. Оған қоса серуен аумағын жағалай орналасқан тұрғындар да шағымданған. Әлеуметтік желі мен басқармаға түскен арыз-шағымның бас-аяғы елуге жеткен.

«Серуен аймағын пайдаланушылар қарапайым ережелерді сақтамайды. Екі жол жанама орналасқан, 2 метр жаяу жүргіншілер жолы болса, 2 метр веложол. Велосипедшілер тек өзінің жолымен ғана емес, жаяу жүргіншілер жолына түсіп кетеді. Жаяу жүргіншілер веложолмен жүре береді», – дейді ол.

Қалыбаев бұдан велосипедшілердің жолы қысқармайтынын айтады. Қалада жануарлар саябағынан басталып, жаңа иппадромға дейін алып баратын ұзындығы 4 шақырымнан асатын веложол салынып жатыр. Одан бөлек ұзындығы 13 шақырымнан асатын «Денсаулық жолы» атты веложолдың құрылысы басталып, бір бөлігі пайдалануға берілген.

Осыған дейін Дендрологиялық саябақта ағаш түрінің азаю себебін түсіндіргенбіз.