BIG Шанхайда шыққан өрттен 300-ден астам кәсіпкер зардап шекті

Астанада BIG Шанхай базарындағы өрт салдарынан 300-ден астам кәсіпкер зардап шекті. Сауда министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, шығынның нақты көлемі әлі анықталып жатыр. Кәсіпкерлер уақытша басқа базарға көшірілді.
Министрдің айтуынша, қазір шығын мөлшерін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол үшін арнайы топ құрылған.
«Арнайы топ ішінде бізден басқа да органдар бар. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін өрттің нақты себептері анықталған жоқ. Өрттің неден шыққанына қарай азаматтық-құқықтық жауапкершілік, кінәлі тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі де айқындалады», – деді Шаққалиев.
Министр сондай-ақ тамыздың соңында өрт қауіпсіздігіне қатысты заңнамаға жаңа нормалар күшіне енетінін айтты.
«Міндетті түрде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру талаптары енгізіледі. Егер кәсіпкерлер сақтандырылған болса, олар сақтандыру төлемін ескере отырып, әлдеқайда көп өтемақы ала алатын еді», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, 18 шілдеге қараған түні Астанада «Орда» базарының жанында орналасқан үш қабатты BIG Шанхай сауда үйі өртенді. Кешендегі өрт кешке қарай толық сөндірілді. Құтқарушылар базар маңындағы тұрғындарды, сол маңдағы мал базардағы жануарларды да қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болды.