Қорғалуға құқығы бар куәге қатысты қандай өзгерістер енгізілді

Қылмыстық-процестік кодексте қорғалуға құқығы бар куәнің құқығына қатысты өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Конституциялық сот хабарлады.
Заңға сәйкес, қорғалуға құқығы бар куә – қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілген, қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақ берген, бірақ күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаған адам. Демек, кей жағдайда қорғалуға құқығы бар куә күдіктіге айналуы мүмкін.
Конституциялық сот бұған дейін қорғалуға құқығы бар куәлар мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдар тізіміне қосылмағанына назар аударған. Сондай-ақ олардан жауап алу нормасы қарастырылған Қылмыстық-процестік кодексінің 217-бабын талдаған. Нәтижесінде қорғалуға құқығы бар куәге қатысты шешімді тергеу судьясы қабылдайтыны келешекте азаматтың құқығын шектеуі мүмкін екенін айтқан.
«Қорғалуға құқығы бар куәнің тергеу сотында жәбірленуші мен куәден жауап алуға қатысуы қажет екені туралы мәселені тек тергеу судьясының қарауына қалдыру бұл азаматтың (келешекте) күдікті (айыпталушы) ретіндегі процессуалдық құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін», – делінген ақпаратта.
Ал 2025 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы негізінде қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізілді. Сол арқылы Қылмыстық-процестік кодексінің 217-бабына да өзгеріс енді. Оның ішінде бұған дейін тек істегі жәбірленуші мен куәге қатысты құқықтар қорғалуға құқығы бар куәге де қатысты болады. Бұған дейін заңда «…тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын тағайындайды, бұл туралы прокурорға, күдіктіге және оның іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына, сондай-ақ жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокатқа хабарланады» делінген болса, бұл тізімге қорғалуға құқығы бар куә де енді.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осы заң аясында қыз алып қашуға қатысты нормалар қатаңдатылды.