Жаңалықтар

Педагог өзіне берілген пәтерді сот шешімімен жекешелендіруге мүмкіндік алды

Педагог өзіне берілген пәтерді сот шешімімен жекешелендіруге мүмкіндік алды
Педагог өзіне берілген пәтерді сот шешімімен жекешелендіруге мүмкіндік алды/Фото: shutterstock

Атыраулық ардагер ұстаз 14 жыл бұрын өзіне берілген пәтерді сот арқылы жекешелендіру құқығына ие болды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы

2011 жылы педагогке мемлекеттік тұрғын үй қорынан көлемі 68,3 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер жалға берілген. Кейін пәтерді жекешелендіру кезінде Тұрғын үй инспекциясы бөлімі оның бұрын басқа тұлғаға аударылған мүлкі болғанын алға тартып, пәтерді жекешелендіруден бас тартқан.

Балалар үйінің түлегі болып саналатын педагог Тұрғын үй инспекциясының бұл шешіміне шағымданып, сотқа жүгінген. Белгілі болғандай, оған бұрын жер телімі беріліп, ол жерге 20 шаршы метр болатын шағын үй салған. Бірақ үйді салып бітіруге ақшасы жетпей, құрылысты аяқтай алмаған. Артынша әйел оны досына сыйға берген.

Сотқа шағым берген кезде баласы екеуінің меншігінде баспана болмаған. Ол бюджеттік ұйымдағы жалпы еңбек өтілі 43 жыл екенін алға тартып, қалдық құны бойынша пәтерді жекешелендіруге құқығым бар деп санайды.

Сот барысы

Бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабының нормаларына сәйкес, бір адамның тұрғын үй алаңы кемінде 15 шаршы метр болуы керектігіне назар аударған.

Сот талап қоюшының шағымын қарау кезінде уәкілетті орган әкімшілік іс жүргізу тәртібін бұзғанын, істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу бойынша шаралар қабылдамағанын, арызданушының дәлелдерін тыңдамағанын, тұрғын үйді иеліктен шығарғанға дейін тұрғын үй комиссиясының хаттамасы қабылданғанын анықталған.

Сонымен қатар талап қоюшының үйді басқа тұлғаға беру туралы дәлелдері дұрыс тексерілмеген.

Шешім

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот талап қоюшының талаптарын қанағаттандырып, мемлекеттік органды педагогке пәтерді жекешелендіру құқығын беретін қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеген.

Әкімшілік орган сот шешімімен келісіп, апелляциялық сотқа шағымданбаған.

Сот актісі заңды күшіне енген, енді орындалуға тиіс.

Бұған дейін, Алматы облысы Жамбыл аудандық ауруханасында эндокринолог болып істейтін Алмагүл Мәкішева 10 жылдан астам уақыттан бері өзіне сыйлыққа берілген пәтерін атына рәсімдей алмай жүргені туралы жазғанбыз.