“Тонау, кісі өлімі, полицияның қатысы”: Қара жамылған қарағандылық отбасының оқиғасы

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
«Тонау, кісі өлімі, полицияның қатысы»: Қара жамылған қарағандылық отбасының оқиғасы
«Тонау, кісі өлімі, полицияның қатысы»: Қара жамылған қарағандылық отбасының оқиғасы/Фото: Айгүл Нәукенованың жеке мұрағатынан

Бір жыл бұрын Қарағандыда туған бауырынан айырылған Айгүл Нәукенова әділдік іздеп Алматыға келді. Ол ағасы Нүргелді Нәукеновтің о дүниелік болуына бірнеше адам мен полиция қызметкерлерін кінәлайды. Баспасөз жиынын өткізіп, жанайқайын жеткізген оның бірнеше талабы бар.

Жәбірленушінің заңды өкілі Инга Иманбай өзіндегі істің бәрін бірдей қоғамға жариялай бермейтінін, алайда осы іс тұтас тергеу жүйесінің реформаны қажет ететінін анық көрсететінін айтады.

«Бұл жерде құқыққорғау органдары қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі адам өліміне соқтырып отырғанын баса назарға салғым келеді», – дейді ол.

Айгүл Нәукенова оқиғаның барысын былай баяндайды:

Фото: KursivMedia

Есінен тандыру, ақшаны қолды ету

Оқиға 2024 жылғы 4 қыркүйекте болған. 39 жастағы марқұм университетте оқитын үлкен баласының оқуын төлеу үшін досымен Ұлытау облысынан Қарағандыға келеді. Автовокзал жанынан пәтер жалдайды. 4 қыркүйек күні танысымен вокзал маңындағы асханадан тамақ ішуге барады. Сол жерден бір танысын кездестіреді. Кейін оның артынан бірнеше ер адам келіп, бәрі марқұмды тонау мақсатында күштеп сыртқа алып шығады. Шыққан бойда келген ер адамның бірі Нәукеновті жағасынан ұстап, итеріп жібереді. Асфальтқа құлаған Нұргелді сол жерде есінен танып қалады. Кейін оны орнынан көтеріп, ауылдан бірге келген танысы екеуін жалдаған пәтеріне таксиге салып жібереді. Оларға біреуінің танысы болып келетін вокзалдағы полиция пунктінде тұрған полиция қызметкері көмектескен. Ал асханада марқұмның телефоны қуатталып тұрған жерінде қалады. Артынша марқұммен бірге кеткен танысы вокзал маңындағы асханаға қайта оралады. Сол жердегілер марқұмның телефонын ашып, баласының оқуына деп әкелген 740 мың теңгені шоттан шешіп алады да телефонды жоқ қылады. Марқұм өзіне тап баргендің ішінде пәтерлес досы мен асханада жолығып қалған адамды ғана таныған.

Жәбірленушілер күдіктілер бұл әрекетке ағасының ақшамен жүргенін біліп, тонау мақсатымен алдын ала сөз байласу арқылы барған деген пікірде.

Есін жоғалту

Автовокзал маңында телефонынан ақшасын қолды қылып жатқанда марқұм алған соққы салдарынан есін білмей танысы тастап кеткен жалдамалы пәтердің ауласында жүреді. Тұрғындар біртүрлі адамды байқап, полиция шақырады. Марқұмды алып кеткен полицейлер оны бөлімшеде үш сағат ұстайды. Марқұм өзінің кім екенін, не істеп жүргенін айта алмаған. Полицейлер оны мас деп ойлайды. Ол басын ұстап, ауырып тұрғанына шағымданған. Бірақ құқық қорғау органы қызметкерлері жедел жәрдем шақырмаған. Полицейлер оның кәмелетке толмаған студент баласын тауып, оны соған қосып жібереді.

Қонақүйдегі қаза

Бөлімшеден шыққаннан кейін Нүргелді Нәукенов демалғысы келетінін айтып, баласы өзі тұратын пәтерде өзге балалар болғандықтан, әкесін қонақүйге апарып, өзі сабағына кетеді. Нұргелді Нәукенов қонақүйде жатқан жерінде жүріп кетеді. Сараптама көрсеткендей, оның бас сүйегі сынған, ми қабаттарына қан құйылған.

Қозғалған істер

Айгүл Нәукенованың тергеу барысына мүлде көңілі толмайды. Сөзінше, іске қатысты бейнежазба түріндегі айғақтарды өздері іздеп табуға мәжбүр болған. Оқиға орнының жазбасын, ұялы байланыс операторынан детализация, банкоматтан ақшаны шешкен сәттің видеосын жүгіріп жүріп жинаған. Марқұмның телефоны 18 қыркүйекке дейін қосулы тұрғанына қарамастан, оны ешкім таппаған. Ұялы операторлар ұсынған детализация телефон оқиға орнында болған бір адамның үйі орналасқан ауданда екенін көрсеткен. Алайда тергеу оны қаперге алмайды. Ал тергеуге оқиға орнында болған 6 адамның үшеуі тартылған. Біреуінің үстінен қылмыстық кодекстің 104-бабы (Абайсызда қазаға ұшырату), екеуінің үстінен 188-бабы (ұрлық) қозғалған. Сот абайсызда қазаға ұшырату бабы бойынша айыпкерге 1 жарым жыл кесіп, оның тергеу изоляторындағы бір күні бір жарым күнге саналып, сотталушы 9 айда босап шыққан. Ұрлық бабы бойынша бір іс сотқа жетсе, екіншісі тергеу сатысында. Екі істе де күдікті қамауға алынбаған.

Көңілдегі күдік

Айгүл Нәукенова бауырының телефонын қалай ашып алғанын түсінбей дал. Күдікті телефонды «0-ді 4 рет басып ашып алдым» деген. Алайда телефон кодын орнатқан марқұмның ұлы құпиясөз басқа болғанын айтқан. Марқұмның жақындары «күдіктілер пәтерге қайта барып, ағасын ұрып, телефонды ашқызып алған болуы мүмкін» деп топшылайды. Ұялы байланыс операторы ұсынған детализация деректері телефон сол кезде пәтер орналасқан ауданда болғанын көрсеткенде тұжырымына сенімді бола түскен.

«Бір оқиғаға қатысты бірнеше қылмыстық істің жеке-жеке қозғалуы – қылмыстың шынайы сипатын жасыруға және күдіктілерді жауапкершіліктен босатуға бағытталған әрекет деп санаймыз», ө дейді заңгер Инга Иманбай.

Жәбірленуші тарап талаптары

Инга Иманбай «оқиға жеке-жеке қылмыс емес, деректердің барлығы біртұтас, аса ауыр, ұйымдасқан қылмыс ретінде қарастырылуға тиіс» деп санайды.

Одан бөлек оқиғаның қатысушыларына қатысты қылмыстық кодекстің 106-бабының 3 бөлігі, (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру), 191-бабының 2-бөлігі (Тонау) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша іс қозғау қажеттігін айтады.

Сонымен қатар, жәбірленушінің ауыр жағдайын көре тұра жедел жәрдем шақырмағаны және тиісті шара қабылдамағаны үшін полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да қылмыстық іс қозғау қажет деп есептейтінін жеткізді.

«Атап айтқанда, оқиға орнына бірінші болып келген полиция қызметкерлері жәбірленушінің ауыр хәлде жатқанын көре тұра жедел жәрдем шақырмаған. Одан кейін оны полиция бөлімшесіне жеткізіп, шамамен үш сағат бойы ұстап отырған. Алайда осы уақыт ішінде де медицина көмегі ұйымдастырылмаған, керісінше кәмелеттік жасқа толмаған ұлын шақыртып, жәбірленушіні сол баламен бірге  жібере салған. Бұл – полиция тарапынан немқұрайдылық пен қызметтік міндетін өрескел бұзу және адам өліміне тікелей себепкер болған әрекет ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартуды қажет етеді», – дейді заңгер.

Инга Иманбай істің толық мән-жайын баяндай отырып жоғарыдағы талаптарды Бас прокурор Берік Асыловқа жолдайтынын, істі ерекше бақылауына алуды сұрайтынын жеткізді.

Бұған дейін, заңгер Орталық Қазақстандағы резонанстық істе жұмсақ үкімнің күшін жойып, күдіктілерге ауыр жаза кесуге қол жеткізілгенін хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз