Астанадағы LRT-ны салып жатқан компания жарты жылда 11 млрд теңге шығынға батқан

Астана әкімдігіне қарасты City Transportation Systems (бұрынғы Astana LRT) компаниясы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығын 11,49 млрд теңге шығынмен аяқтады. Бұл туралы ұйымның AIX биржасында жарияланған қаржы есебінде жазылған.
CTS — елордадағы қоғамдық көлік жүйесінің жалғыз операторы. Компания қазір қаладағы ең ірі көлік жобаларының бірі — жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба 2025 жылғы қыркүйекте сынақ режимінде іске қосылып, 2026 жылдың көктемінде толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Алты ай ішінде компанияның жалпы түсімі 5,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл сомаға қалалық және қала маңындағы жолаушылар тасымалы, мемлекеттік субсидия, көлік карталарын сату, автотұрақ пен жылжымайтын мүлікті жалға беру, сондай-ақ Astana Bike жобасы шеңберіндегі қызметтер кірген. Алайда, көрсетілген қызметтердің өзіндік құны тым жоғары болғандықтан, операциялық қызметтен келген шығын 598,7 млн теңгені құраған.
Есепті кезең соңында компанияның қолма-қол қаражаты мен оның баламаcы 4,9 млрд теңге көлемінде қалды. Ал бүкіл жұмыс істеген кезең ішінде жиналған жабылмаған шығын көлемі 224,9 млрд теңгеге жеткен.
Компанияның балансына тіркелген аяқталмаған құрылыс көлемі – 363,64 млрд теңге. Бұл пайдалануға берілмеген, әлі де құрылысы жүріп жатқан нысандарға салынған инвестиция. Негізгі үлесі дәл сол LRT жобасына тиесілі.
Жыл басында CTS-тің жарғылық капиталы 417,5 млрд теңге болса, қаңтар айында әкімдік тарапынан 143,6 млрд теңге аударылып, сәуірде тағы 1,7 және 4,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлінген. Нәтижесінде, 2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша компанияның жарғылық капиталы 561,14 млрд теңгеге дейін өсті.
Компания 2024 жылы 41,2 млрд теңге шығынға батты. Бұл 2023 жылғы 4,6 млрд теңгемен салыстырғанда 8,9 есе көп.