Кәсіпкерлер салық берешегін өз дебиторы есебінен өтей алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Салық қарызын дебитор есебінен өтеуге болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қолданыстағы Салық кодексінде кәсіпкердің салық және кеден берешегін – дебитор, яғни өзіне қарыз компания есебінен өтеуі қарастырылған. Ол үшін салық төлеуші салық органына өзіне қандай компания қанша қарыз екенін толтырып өтініш тапсыруы керек. Соның негізінде салық органдары дебиторға хабарлама жібереді.

Дебитор деген әр салық төлеушінің контрагенті. Мемлекет алдында салық берешегі бар бизнес өкілі қызмет көрсетсе немесе тауар жеткізсе, сол қызметі үшін ақысын алмаса, екінші тарап дебитор саналады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның түсіндіруінше, салық органдары тек салық берешегіне тең соманы ғана өндіріп бере алады.

«Мысалға, сізге бір компания 200 мың теңге қарыз делік. Ал сіздің салық берешегіңіз 150 мың теңге болса, біз тек сол 150 мың теңгені өндіруге хабарлама жібере аламыз. Одан асыруға құқығымыз жоқ», – деді сарапшы.

Салық төлеушіден дебитордан қарызды өндіру туралы өтініш келіп түскен соң, салық қызметкерлері оның жеке кабинетіне қарызды нақтылау жөнінде хабарлама жібереді. Оның номері 6 санынан басталады.

Осы хабарламаны алған күннен бастап дебитор ондай қарызы бар ма, жоқ па – өзара есеп айырысу салыстырма актісін жасап, растауы тиіс. Ол үшін дебиторға 20 күн уақыт беріледі.

Салық мекемесінен хабарлама ала отырып, 20 күн ішінде ешқандай жауап бермесе, осы мәселе бойынша салық органы тексере алады. Нәтижесінде компанияның салық төлеушіге қарыз екені анықталса, онда салық берешегі қарыз компания есебінен өндіріледі.

Ал 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, егер дебитор ешқандай жауап бермесе, салық органдары айыппұл салумен қатар, дебитордың есепшотын да бұғаттай алады.

Қайсар Бақытұлының айтуынша, бұл кәсіпкерлердің өз қарызын өндіріп алуына жақсы мүмкіндік. Өйткені өзіне қарыз компания борышты төлемей жүрсе, ақшаны өндіріп алу үшін сотқа жүгінуіне тура келеді. Ал сот процесі 2 айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Ал мына жерде нақты құжаттармен дәлелденсе, 20 күн ішінде өзінің салық қарызын жауып алуына болады.

Қазақстандағы жаңа Салы Кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз