Қазақстан брокерлері ЕАЭО елдері биржаларында сауда жасай алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock. бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан брокерлері енді Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің қор биржасында қашықтан сауда жасай алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) ресми сайтында жарияланған жаңа құжатта жазылған.

Аталған құжат Қазақстан Үкіметінің ЕАЭО аясында жасалған келісімді мақұлдағанын білдіреді. Құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілген.

Құжатқа мемлекет басшысы қол қойған соң, Қазақстан брокерлері мен дилерлері Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан қор нарықтарына еркін қатыса алады. Бұл бастама біртұтас экономикалық кеңістікте қаржы нарығын интеграциялауға бағытталған маңызды қадам саналады.

Қандай өзгеріс енгізіледі?

Жаңа келісімге сәйкес, әр елдің брокерлері өз мемлекетінің заңнамасына бағына отырып, одақ құрамындағы басқа елдің биржасына жергілікті қатысушылармен бірдей деңгейде қатыса алады.

Яғни, Қазақстанда тіркелген брокер Ресей немесе Беларусь нарығына дәл сол елдің брокері секілді қатыса алады, бірақ өзінің ұлттық ережесі аясында жұмысын жалғастырады.

Сонымен қатар:

  • Одақ елдерінің брокерлері мен депозитарийлері бір-бірінің құрылымдарында шот аша алады;
  • Қаржы реттеушілері арасында ақпарат алмасу және қадағалау тетіктері іске қосылады;
  • Егер қандай да бір заңбұзушылықтар (нарыққа ықпал ету, қаржы жымқыру) анықталса, қатысу құқығы уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Қашан іске асады?

Жалпы келісімге 2025 жылғы қаңтарда қол қойылған. Алайда оның толық күшіне енуі үшін барлық ЕАЭО мемлекеттері ішкі мемлекеттік рәсімдерден өткізіп, келісімді ратификациялауы қажет. Қазақстан бұл процесті аяқтап, құжатты Мемлекет басшысының қарауына жіберді.

Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарында құрылды. Бастапқыда оған Қазақстан, Ресей және Беларусь мүше болды. Кейін Армения (2025 жылдың 2 қаңтары) мен Қырғызстан (2025 жылдың тамызы) қосылды.

2024 жылы құнды қағаздарға қатысты заңнаманы бұзған кәсіби нарық қатысушыларына 121 млн теңге айыппұл салынған.

Сондай-ақ оқыңыз