
4 шілде күні Жандосов көшесі мен Абай даңғылының арасындағы аумақта Қарғалы өзеніндегі судың түсі өзгергені байқалды. Алдын ала мәліметке сүйенсек, көпірден өзенге жасыл түсті химиялық зат төгілген болуы ықтимал. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Алматы қаласының Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары оқиға орнын тексеріп шықты. Заттың құрамын анықтап, өзеннің қаншалықты ластанғанын білу үшін Экология департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары су сынамасын алып, зертханаға жіберді.
2025 жылы 5 тамыз күні Алматы қаласының Экология басқармасы, Наурызбай ауданы әкімдігі, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бірлесіп, бұл жағдайдың себебін және кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізбек.
Алматы қаласының әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда өзен арнасындағы су табиғи арнасымен ағып жатыр, ластану мен түсінің өзгеру белгілері жоқ. Мамандар судың жағдайын бақылауды жалғастырып жатыр. Зертхана қорытындысы шыққаннан кейін нақты шешім қабылданып, қажет болған жағдайда құқықтық шаралар қолданылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алакөлге құятын өзен басында шошқа асырап, суды ластаған қожалық жауапқа тартылған еді.