
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Монреаль қаласында өтіп жатқан беделді WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Ширек финалда Рыбакина украиналық Марта Костюкты жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Кездесу барысында есеп 6:1, 2:1 болғанда қарсыласы жарақатына байланысты матчты жалғастыра алмады. Осылайша, Лена автоматты түрде жеңіске жетті.
Бұл – Еленаның Монреальдегі турнирдің жартылай финалына қатарынан екінші мәрте шығуы. Соңғы рет мұндай нәтижеге осы турнирде дат теннисшісі Каролин Возняцки 2010–2012 жылдары жеткен болатын.
Жартылай финалда Елена Рыбакина канадалық Виктория Мбокомен кездеседі. Еске сала кетейік, бұған дейін Рыбакина Мбоконы Вашингтондағы турнирде ойсырата жеңген еді.