Марал қанының қандай емдік қасиеттері бар

Алтай таулары– пантысы және марал шаруашылығымен аты шыққан өңір. Соңғы жылдары бұл салаға қызығушылық еліміздің оңтүстік өңірлерінде де артып келеді. Соның жарқын мысалы Алматы облысы, Қаскелең аңғарындағы «Алатау-Маралы» шаруашылығы. Бұл – Іле-Алатау ұлттық паркінің Қасымбек сайында орналасқан, еліміздегі оңтүстік аймақтарда марал өсірумен айналысатын жалғыз кешен.
Шаруашылықты 2003 жылы кәсіпкер Кеңес Қайырханұлы құрған. Ол уақытта 60 бас маралды Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мен Зайсан өңірлерінен арнайы КамАЗ жүк көлігімен Алатауға жеткізген. Сол кезде марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қолдауымен ұлттық парктен жер жалға алынып, Қаскелең шатқалында марал өсіру ісі басталды. Бүгінде марал саны 150-ге жетіп отыр. Шаруашылықта маралдардың табиғи жағдайы сақталған, олар таулы, орманды аумақта еркін жайылады.
Кеңес Қайырханұлы бүгінде 80 жаста, бірақ ширақ қимылдап, шаруашылықта ерен еңбек етіп жүргенін көргенде жасы ары кетсе 60 шамасында дерсің. Кеңес Қайырханұлының айтуынша, 22 жылдан бері марал шаруашылығына мемлекет тарапынан бірде-бір рет субсидия бөлінбеген. Кешенге газ да тартылмаған, жолды да өз қаражатына салған. Бұл қиындықтар тіпті инвесторлардың да қызығушылығын азайтқан.
«Шошқа өсіргенге субсидия береді, ал осындай емдік қасиеті бар, халқымыздың табиғи байлығы – маралға неге берілмейді? Біз бәрін өз күшімен жасап келеміз. Үкіметтен, әкімдіктен нақты қолдау күтеміз», – дейді кәсіпкер.
Маралдың қаны неге пайдалы?
Маралдың жас, әлі сүйекке айналмаған мүйізі – панты деп аталады. Оның ішінде қан сақталады. Пантыдан алынатын қан – пантогематоген – фармацевтикада ерекше бағаланады. Бұл өнімнің биологиялық белсенділігі өте жоғары.
Марал мүйізінің ішінде:
- темір, магний, калий, натрий, мырыш, фосфор, марганец секілді микро- және макроэлементтер;
- A және E дәрумендері;
- аминқышқылдары (лизин, таурин, глицин, аргинин);
- пептидтер мен липидтер, соның ішінде цереброзид, фосфолипидтер;
- сондай-ақ табиғи гормондар болады.
Осы заттардың әсері арқасында пантогематоген:
- иммунитетті нығайтады;
- қан құрамындағы гемоглобинді көбейтеді;
- жүйке жүйесін тыныштандырады, күйзелістен арылтады;
- ағзаның жалпы сергектігін арттырады;
- жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады;
- буын, сүйек ауруларында оң нәтиже береді;
- тері жараларын, дерматит пен күйіктерді емдейді;
- мидың қызметін жақсартады, зейінді күшейтеді;
- шаршауды азайтады.
Қалай қолданылады?
Марал қанынан дайындалатын өнімдер сұйық немесе ұнтақ түрінде сатылады. Бұл өнімдер дәрі емес, биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) ретінде қабылданады. Сұйық түрін алғашқы аптада күніне екі рет 15 мл, кейін 30 мл-ге дейін көбейтіп қабылдауға болады. Ұнтақ күйін – күніне 2 рет 0,5 г мөлшерде ішеді.
Оны аш қарынға немесе тамақпен бірге суға, шырынға ерітіп ішуге болады. Курспен қабылдағанда ұзақтығы 3–12 апта аралығында болады.

Қарсы көрсетілімдері:
Марал қанын кез келген адам іше бермейді. Тыйым салынатын жағдайлар:
- онкологиялық аурулар;
- жоғары қан қысымы;
- бүйрек ауруларының ауыр түрі;
- тромбозға бейімділік;
- жүктілік және бала емізу кезеңі;
- балаларға (14 жасқа дейін);
- туберкулездің белсенді түрі;
- жүрек пен қан тамырларының ауыр зақымдануы;
Бұл өнім халал ма?
Бұл сұрақ көптеген тұтынушыларды мазалайтыны анық. Дінтанушы Абдусамат Қасымның түсіндіруі бойынша, ислам дінінде қан ішу харам. Бірақ бұл жерде мүйіз қанын алу жануарды соймай, тірі кезінде жүзеге асады.
Егер науқасқа құрамында шариғат бойынша харам саналатын компоненттері (мысалы, қан) бар дәрі тағайындалса, мұсылман адам, ең алдымен, сол дәріге халал балама табуға тырысуы керек. Егер ондай балама табылмаса және бұл дәріні қолдану адам өміріне немесе денсаулығына тікелей қажет болып тұрса, онда шариғаттағы «Мәжбүрлік харамды халал етеді» деген қағидаға сүйеніп, оны қолдануға рұқсат беріледі. Бұл тек мәжбүрлі жағдайда ғана, яғни басқа жол қалмаған кезде рұқсат етіледі. Сондықтан ислам ғалымдарының кейбіреуі бұл өнімді емдік мақсатта қолдануға рұқсат береді.
Алатау маралы – шипа мен табиғат үндестігі
Кеңес Қайырханұлы бүгінде марал қанынан ғана емес, одан дайындалған табиғи маскалар, косметикалық өнімдер жасап сатады. Шатқал ішінде орналасқан емдік орталықта пантамен ванна қабылдауға болады. Бұл процедура ағзаға сергектік пен күш береді, әсіресе егде адамдарға пайдалы.