Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін қашан өткізетінін айтты

WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін 2025 жылдың қараша айының басында өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы спортшы өзінің X әлеуметтік желісінде хабарлады.
Жәнібек Әлімханұлы әлі де доминикандық боксшы, WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен біріктіруші жекпе-жек өткізуді көздеп отыр.
Америкаға жол тарттым. Қарашада жекпе-жекке дайын боламын! Бұл Адаместің соңғы мүмкіндігі. Егер келіспесе, титулдарымды басқа қарсыластармен қорғауға тура келеді. Сондықтан оған және менеджерлеріне айтарым — уақыттарың аз қалды! – деп жазды боксшы X әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Жәнібек өзінің соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңіп, IBF және WBO титулдарын қорғап қалған болатын.
Бұған дейін Жәнібектің менеджері Эгис Климас Карлос Адаместің қазақстандық боксшыдан қорқып, жұдырықтасудан бас тартып жүргенін айтқан еді.