Қазақтар Ресей мен Қытайды құрып кетуден сақтап қалған – ресейлік тарихшы

Қазақтар Ресей мен Қытайды құрып кетуден сақтап қалған. Қазақтар қарсы тұрмағанда, қуатты Жоңғар империясы Еділ бойына жетер еді.
Ресейлік тарихшы Саврамат осындай пікір айтты. Оның айтуынша, Шығыс Еуропа тарихы онда мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді.
Савромат әлеуметтік желіде түрлі тарихқа қатысты пікірлерін айтып жүр.
«Жоңғарларды кеудесін тосып тоқтатты»
«Егер жоңғарлар бүкіл қазақ даласын бағындырса, көлемі жағынан Шыңғысханның империясына пара-пар, Еділден моңғол Алтайына дейін созылып жатқан империя пайда болушы еді. Шығыс Еуропаның, тіпті Қытайдың да тарихы қатты өзгерер еді. Бұлай болмады. Өйткені, қазақтар қаптаған жоңғарларды кеудесін тосып тоқтатты», – дейді тарихшы.
Оның бағалауынша, қазақтардың түрлі тайпалардан тұратын борпылдақ конфедерациясы қуатты, темірдей тәртіпке бағынған жоңғар ордасына тойтарыс бере алған. Бірақ ол үшін өте үлкен құн төлеген. Әр түрлі деректерге қарағанда, бұл сұрапыл соғыста қазақ халқының 40 пайызы құрбан болыпты. Осылайша, қазақтар Ресей мен Қытайды жоңғарлардан сақтап қалған көрінеді.
«Бұл – жай сөз»
Десе де, қазақстандық тарихшы Мәмбет Қойгелді ресейлік тарихшының сөздерін жоққа шығарып отыр.
«Егер сенің оппонентің сені мақтап жатса, не үшін мақтап жатыр деп ойлану керек. Қазақтар Ресей мен Қытайды жоңғарлардан сақтап қалды деген – жай сөз. Жоңғарларды кім жойып жіберді? 1758 жылы Қытай жойып жіберді. Жоңғар мықты болса, Қытай оны жойып жібере алар ма еді?», – дейді Мәмбет Қойгелді.
Оның пікірінше, бұл – жай арқадан қағып мақтау. Жоңғарлардың Ресейге қауіп төндіретіндей шамасы болмаған.
«Ресей жоңғарларға көмектескен»
«Керісінше, Ресей империясы ол кезде қазақтарды әлсірету үшін жоңғарларға зеңбірек құйып берген. Қару-жарақ жасайтын шеберлерін жіберген. Ренат деген швед офицерін берген. Ондағы мақсаты – қазақтар мен жоңғарларды өзара қырқыстырып, әлсіретіп, жерін алу», – деді тарихшы.
Мұның алдында қазақ ханы Бұйдаш 20 қазақ сұлтанының басын қосып, қалың қолмен 1559 жылы жаулап алу мақсатымен Мәуереннаһрға басып кіргені туралы жазған едік.