Ақтауда халықаралық талапқа сай жаңа стадион салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Каспий жағалауындағы жаңа стадион / сурет ЖИ көмегімен дайындалды, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Каспий жағалауындағы жаңа стадион / сурет ЖИ көмегімен дайындалды, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласында халықаралық стандартқа сай жаңа стадион салынады. Бұған қоса, Кендірліде әуежай пайда болады. Премьер-министрі Олжас Бектенов өңірде туризмді дамытуды көздейдін қаулыға қол қойды.

Үкімет «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Құжатта 9 бағыт бойынша салалық мәселелерді жүйелі шешу қарастырылған. Оның ішінде: инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, инвестициялық жобаларды ілгерілету және басқа да бағыттар бар. Жоспарды жүзеге асыру кезеңінде жүзден астам іс-шара ұйымдастырылады.

инфографика: gov.kz
инфографика: gov.kz

Кендірліде әуежай салынады

Болашағы зор 12 нысанның ішінде өңірдегі туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі деп Кендірлі аймағы белгіленді. Инфрақұрылым мәселелерін шешу: нысандарды электр қуатымен, сумен жабдықтау және көлік жолдарын салу қолға алынады.

Кендірлі ауылында, жолдар мен басқа да нысандарды жөндеуден бөлек, әуежай салынады. Бұл ретте инвесторлар мен эко-белсенділердің ұсыныстары ескерілді.

инфографика: gov.kz
инфографика: gov.kz

Каспий теңізі жағалауындағы жаңа стадион

Кешенді жоспар аясында тағы бірнеше ірі жоба іске асады. Солардың арасында Маңғыстау орталығындағы жаңа стадион құрылысын атап өтуге болады.

Бұған қоса, Ақтау қаласында теңіз вокзалын салу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге өңірде туризмді насихаттау үшін мәдени-спорттық іс-шаралар өткізу көзделген.

Үкімет мәліметінше, кешенді жоспар туристер тартуға қолайлы жағдай жасауға және аймақты одан әрі дамытуға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жоспар жүзеге асырылғаннан кейін, 2029 жылға қарай, ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мың адамға жетеді деп жоспарланған. Шетел туристері саны 89 мыңнан 143 мың адамға дейін артады. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,7 мың адамнан 2,7 мың адамға дейін көбейеді. Жеке инвестиция көлемі – 198,9 млрд теңгеге, ал өңір экономикасындағы туризм үлесі – 2,2%-дан 3,6%-ға дейін өседі.

Сондай-ақ оқыңыз