Валюта бағамы: доллар тағы 4 теңгеге арзандады

Жарияланды 5 Тамыз 2025 16:27

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
валюта бағамы
Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

5 тамызда Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда нәтижесінде 1 АҚШ доллары 537,53 теңге болды. Осылайша, сағат 15.30-дағы мәлімет бойынша, ұлттық валюта бір тәулікте шамамен 4 теңгеге нығайды.

Ұлттық банк 30 шілдеде валюта нарығында интервенция жасағалы бері, төл теңгенің долларға шаққандағы бағамы шамамен 13 теңгеге күшейді. Құрама Штаттар валютасы бір аптаға жуық уақыттың ішінде 550 теңгеден жоғары көтеріліп барып, кері шегінді.

Төл теңге сейсенбі күні де күш алуын жалғастырды. Бүгін KASE-дегі валюта нарығында, сағат 16.00-дегі мәліметі бойынша, 120 млрд теңгеге, яғни 223,5 млн долларға сауда жасалды. Күнделікті сауда көлемі сақталғанына қарағанда, Ұлттық банк валюта нарығына араласып жатқан жоқ.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 540 теңге шамасында саудаланып жатыр. Kurs.kz мәліметіне сәйкес, Алматы қаласындағы пунктерде АҚШ валютасы 538 теңгеден қабылданып, 540 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 535 және 543.

Айта кетейік, шамамен екі ай бұрын 1 доллар шамамен 508 теңге тұрған. Маусым айының басындағы көрсеткішке қайта оралу үшін, ұлттық валюта тағы 30 теңгеге нығаюы керек. Алайда, Қазақстанда қаржы нарығындағы үрдіске көз жүгіртсек, мұндай ревальвацияны өте сирек кездесетін құбылысқа балауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз