
Мемлекетке қарасты «Интергаз Орталық Азия» топ-менеджерлері шамамен 7 млн теңге айлық алады. Мәлімет «QazaqGaz» ұлттық компаниясына қарасты осы мекеменің KASE-де жарияланған қаржы есебінде бар.
Топ-менеджерлер жалақысы
«Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры құрамына кіретін ұлттық компаниялар топ-менеджерлерінің айлық табысы туралы мәлімет ашық жариялана бермейді. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов биыл 12 маусымда өткен баспасөз конференциясында мұндай мәліметті жариялау «корпорацияның ішкі этикасына қайшы» деп мәлімдеген.
Соған байланысты, түбі мемлекетке тиесілі компаниялар басшыларының айлық табысы туралы мәліметті қаржы есептеріндегі жалпы мағлұматтан ғана бағамдай аламыз.
5 тамызда Қазақстан қор биржасында (KASE) «Интергаз Орталық Азия» компаниясының 2025 жылғы қаңтар-маусым айларының қаржы есебі жарияланды. Онда жарты жылда топ-менеджерлерге қанша төленгені туралы мағлұмат бар.
Қаржы есебіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында компания басшылары жалпы көлемі 375 163 000 теңге сыйақы алған. Компания басқармасында тоғыз топ-менеджер бар. Олардың әрқайсысы биыл 62,5 млн теңге, яғни ай сайын шамамен 7 млн теңге алғанын есептеу қиын емес. Бұл ретте, басшылардың бәрінің айлық табысы бірдей болмауы мүмкін екенін ескерте кеткен жөн. 7 млн теңгеге айлық қана емес, компания тәртібіне сай басқа да төлемдер кіреді.
Интергаз топ-менеджерлері кімдер?
Қаржы есебінде басшылық құрамға компанияның басқарма мүшелері мен тәуелсіз директорлары кіретіні айтылған.
Топ-менеджерлерді «Интергаз Орталық Азия» компаниясының ресми сайтындағы мағлұматқа сүйене отырып атап өтейік. Компанияның директорлар кеңесі алты адамнан тұрады. Олар:
- Манас Тасыбаев – директорлар кеңесінің мүшесі, компаниясының басқарма төрағасы.
- Мейірбек Ихсанов – директорлар кеңесінің төрағасы;
- Айдын Ақан – директорлар кеңесінің мүшесі;
- Азамат Алдияров – директорлар кеңесінің мүшесі;
- Танбай Наушиев – аға тәуелсіз директор;
- Олжас Тілеуқабылұлы – тәуелсіз директор.
Топ-менеджерлер тізіміне компания басқармасының тағы төрт мүшесін қосқан жөн. Олар:
- Ұлжалғас Нарымбетова – бас директордың орынбасары;
- Абзал Қысметов – бас директордың орынбасары;
- Теміржан Жахамбетов – басқарушы директор;
- Азамат Дәулетов – техникалық директор.
Жарты жылдық көрсеткіш
Қаржы есебіне қарағанда, Интергаз табысы 2025 жылдың алғашқы жартысында былтырға қарағанда екі есе өсті. Алты айдағы таза табысы 30 млрд 471 млн теңге болды. 2024 жылдың алғашқы жартысында компания 15,6 млрд теңге тапқан еді.
Түсім 134 млрд теңгеге жеткен. Былтырмен салыстырғанда, 14 млрд теңгеге көп. Алты айда бюджетке 8,2 млрд теңге табыс салығы төленген. Бұл да 2024 жылға қарағанда екі есе көп көрсеткіш.
1997 жылы құрылған «Интергаз Орталық Азия» 100 пайыз «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тиесілі. Ал оның жалғыз акционері – «Самұрық Қазына». Интергаз Қазақстан аумағында газ тасымалдаумен және сақтаумен айналысады. Компания Ресейдің Өзбекстанға сатқан табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы транзиттеумен де айналысады.