Камчатка түбегі жер сілкінісінен кейін 2 метрге ойысты

Камчатка түбегі қуатты жер сілкінісі салдарынан 2 метрге ойысты. Бұл туралы РБК басылымы Ресей ғылым академиясының геофизика қызметінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
«Жердің айтарлықтай сейсмикалық ойысуы 30 шілдеде түбектің оңтүстік бөлігінде байқалды», – деп мәлімдеді ғалымдар.
Ресей ғылым академиясы (РҒА) геодинамика бақылауы нәтижесінде осындай қорытындыға келіп отыр.
«Бәріміз оңтүстік-шығысқа қарай әжептәуір жерге көшіппіз», – дейді РҒА өкілдері
Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Ресейдің Камчатка түбегі жағалауында магнитудасы 8,8 балл жер сілкінісі болды. Қуатты дүмпу биіктігі 4 метрге жететін цунами туғызды. Тынық мұхитқа шектесетін елдер мыңдаған адамды эвакуациялады.
Жер сілкінісі одан кейінгі күндері де қайталанды. Түбекте ұзақ уақыттан бері «ұйқыда» жатқан жанартаулар оянды.Ключевская Сопка және Крашенников жанартаулары атқылай бастады. Екіншісі ең соңғы рет шамамен 1463 жылы түтін шығарған.
Ғалымдар шілденің аяғындағы жерасты дүмпуін 1952 жылдан бергі ең қуатты жер сілкінісі деп бағалады. Бұған қоса, түбекте кейінгі бірнеше күнде 680-нен астам афтершок тіркелген.