
17 жастағы алматылық Рамазан Әбдірахман әлемнің сегіз жетекші университетінен шақырту алды. «Білім Инновация лицейінің» түлегі жетінші сыныптан бері химия ғылымын терең зерттеп жүр. Енді ол өзі аңсаған оқу орнына түсті.
Мақсатқа жету жолы
Бес жыл бұрын Алматы қаласындағы жекеменшік лицейлердің біріне оқуға түскен Рамазан химия пәнінен олимпиадаға дайындық іріктеуінен өтеді. Бағыт таңдауына химия пәнінің мұғалімі Нұрбек Серіков көмектеседі.
Дәл осы сәттен бастап жетінші сынып оқушысы Рамазан химияны тереңдетіп оқып, білім олимпиадаларына дайындалады. Оның бағыты дұрыс екені көп уақыт өтпей-ақ мәлім болды. Ынталы оқушы химия пәнінен облыстық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Ол түрлі байқаулар мен жобаларға белсенді түрде қатысып жүрді.

Рамазан сабақтан кейін лицейде қалып, жоғары және төменгі сынып оқушыларымен бірге олимпиадалардың келесі кезеңіне дайындалды. Бірнеше сағат бойы тапжылмай есеп шығарды.
«Басқа оқушыларға үйреткен сайын, өзің де терең түсіне бастайды екенсің», – дейді ол.
Бар білгенін өзге де оқушыларға үйрете жүріп, өзі де ғылым әлеміне одан сайын, көп еңбектенді.
Жас амбассадор
Тоғызыншы сынапта Рамазан ғылыми жобамен айналысып, тағам қоспаларының зияны мен олардың жасөспірімдерге әсері туралы зерттеу жүргізді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант байқауына қатысып, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты тақырыбын көтерді.
Қоғамдық белсенділігі де ескерусіз қалмады – жас Рамазан дарынды балаларға арналған «Алматы Дарыны» орталығының амбассадоры атанды.
Ал оныншы сыныпта Рамазан халықаралық деңгейде мойындалған Advanced Placement (AP) курстарын сәтті аяқтап, кейін SAT және IELTS емтихандарын да жоғары деңгейде тапсырды. Нәтижелерін университеттердің қабылдау комиссияларына жолдады.

Үлкен өмірге жолдама
Жоғары оқу орындарына қабылданғаны туралы хаттар 2025 жылғы қаңтарда келе бастады. АҚШ-тың University of Minnesota: Twin Cities университеті Рамазанға бірінші болып шақырту жолдады. Артынша University of Delaware, Stony Brook University, University of South Florida білім ордалары да дарынды оқушыны шақырды. Құрама Штаттар ғана емес, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстан университеттері де жас ғалымға қызықты.
Рамазанға (оффер) шақырту жолдаған университеттер тізімі:
- University of Minnesota: Twin Cities (АҚШ)
- University of Delaware (АҚШ)
- Stony Brook University (АҚШ)
- University of South Florida (АҚШ)
- Chinese University of Hong Kong, Shenzhen (Қытай)
- Daegu Gyeongbuk Institute of Science and Technology (Оңтүстік Корея, WL)
- Hong Kong University of Science and Technology (HKUST, Қытай)
- Nazarbayev University (Қазақстан).
Үздік университеттердің бірін таңдау оңайға түскен жоқ. Ол мамандық таңдауға стратегия тұрғысынан қарап: QS рейтингтерін, оқу бағдарламаларын, бакалавриатта қалыптасатын дағды, сонымен бірге оқытушылардың ғылыми-зерттеу бағыттарын жан-жақты зерттеді.
Рамазан таңдаған оқу орны
Оқушы Назарбаев Университетінен шақырту алғанына қатты қуанды. Бірақ ұзақ ойланып, терең саралаудан кейін Гонконг ғылым және технология университетін (HKUST) таңдады.
HKUST – әлемнің ең үздік университеттерінің бірі. 2025 жылғы QS дүниежүзілік рейтингінде 47-орында, ал Impact Rankings бойынша 19-орында тұр. Мұнда 17 мыңнан аса студент білім алады. Университеттің 52 зерттеу орталығы бар.
«Университет пен мамандық таңдау – үлкен еңбек. Әлеуметтік желі, ойын-сауыққа алданбай, басты назарды ғылымға, білімге аудару керек», – деп есептейді студент.
Рамазан инженерлік химия саласын таңдауды көздеп отыр. Ол елімізде озық технологияларды дамытуға үлес қосуды армандайды.

Оқушыларға кеңес
«Жоғары сынып оқушыларына айтар кеңесім – уақытты бос өткізбеңіздер, ағылшын тілін бүгіннен бастап жетілдіріңіздер. Себебі SAT емтиханы – мысалы, Назарбаев Университетіне түсу үшін қажет халықаралық емтихандардың бірі», – дейді Рамазан.
Ол жазғы демалыс кезінде QS рейтингтеріндегі шетел университеттерін қарап шығып, мамандығыңа жақын, қызықты әрі өзекті оқу бағдарламаларын таңдауға кеңес береді. Студенттің ойынша, күзге қарай құжат тапсыруды бастап кеткен жөн – ерте әрекет етсеңіз, мүмкіндігіңіз де көп болады.
«Қазақстанның білім деңгейі әлем рейтінгінде алдыңғы қатарда тұруына мен де аянбай еңбек етемін», – деп уәде берді Рамазан Әбдірахман
Осындай жетістікке Рамазан ғана емес, оның көптеген сыныптасы жетті. Олар да әлемнің үздік университеттеріне құжат тапсырып, офферлер алды.
«Біз – қарапайым мектеп оқушылары, бірақ алдымызға нақты мақсат қойып, арман жолында табандылықпен жүрген жастармыз», – дейді БИЛ мектебінің түлегі.
Жастар әлемнің ең үздік университеттерінде алған білімді ел игілігі мен өркендеуіне жұмсағысы келеді.