
Қазақстанда әуе апаттарының саны артып барады. Сәйкесінше апат салдарынан қаза тапқандардың статистикасы көңіл көншітпейді.
Қазақстан авиация әкімшілігінің мәліметінше, 2012 жылдан 2024 жылға дейінгі 13 жыл ішінде елімізде 68 әуе апаты оқиғасы тіркелген. Оның 26 оқиғасы адам өлімімен аяқталған, бұл апаттарда барлығы 124 адам қаза тапқан.
«2024 жылы елде алты авиациялық оқиға тіркелген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Айта кетерлігі, 2024 жылы коммерциялық авиацияда бір ғана оқиға орын алған (2023 жылы мүлде болмаған), ал авиациялық жұмыстар мен оқу-жаттығу ұшуларында бес оқиға тіркелген (2023 жылы – үш оқиға)»,– делінген хабарламада.
Ұшақ апатынан қаза тапқандар саны 2023 жылы 6 адамнан 2024 жылы 39 адамға дейін өсті. Оның 38-і коммерциялық авиациядағы апатта, 1-еуі авиациялық жұмыстар кезінде қаза тапты. Еске салайық, 2024 жылдың соңында Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе рейсі апатқа ұшырап, 35 жолаушы мен 3 экипаж мүшесі көз жұмған еді.
2023 жылы екі апат болып, 6 адам қайтыс болған еді, олардың барлығы авиациялық жұмыстар кезінде орын алған.
«2024 жылы Қазақстан әуежайларында 29,4 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. 2023 жылы бұл көрсеткіш — 25,9 млн жолаушыны құрады«,– деп жазылған хабарламада.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде 40,6 млн рейс орындалған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,2%-ға көп. Әуе оқиғаларының саны 2023 жылғы 42 жағдайдан 2024 жылы 46-ға дейін өсті. Осылайша, апаттық көрсеткіш 1 млн рейске шаққанда 1,09-дан 1,13-ке дейін жоғарылады.
Әлем бойынша ұшақ апатынан көз жұмғандар саны үш еседен асты, яғни, 72 адамнан 244 адамға жетті.
Еске салайық Азаматтық авиация комитеті 2019 жылы желтоқсанда болған Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеуді қайта жүргізетін болады.