
Қазақстанда тауарларға міндетті таңбалау жүйесі кеңейтіледі. Енді бұл талап мотор майлары, сыра, зергерлік бұйымдар мен биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) да қолданылмақ. Бұл шаралар елге контрафакт өнімдердің әкелінуіне жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр.
Сауданы цифрландыруға арналған Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев көлеңкелі экономикамен күресу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, көлеңкелі айналым адал бәсекеге кедергі келтіріп, кәсіпкерлерді табысынан айырады. Осыған байланысты таңбалануға тиіс тауарлар тізімі кеңейтілетін болды.
2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда мотор майлары міндетті түрде таңбаланады. 2026 жылдың ақпанына дейін сыра, наурызға дейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары, ал желтоқсанына дейін зергерлік бұйымдар таңбаланатын болады. Ал 2027 жылдан бастап биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) да таңбалау енгізіледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов көптеген тауар топтарына таңбалау енгізу бойынша бизнес тарапынан сұрақтар бар екенін айтады. Оның айтуынша, Сауда министрлігі таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсерлері туралы кәсіпкерлерге жеткілікті ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
«Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы отандық нарықты контрафакт пен сапасыз өнімдерден қорғауға, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту қажет», – деді премьер-министр.
Бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда барлық мотор майлары цифрлық таңбамен сатылатыны хабарланған болатын. Бұл шара контрафактіге жол бермеу және нарықты ретке келтіру үшін қабылдануда, себебі сарапшылардың бағалауынша, май өнімдерінің жартысына жуығы көлеңкелі айналымда.