Ұялы байланыс тарифтері неге қымбаттай береді – Цифрлық даму министрлігі жауап берді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун министрлік не себепті ұялы байланыс операторларының тарифтерінің өсуіне шектеу қоя алмайтынын түсіндірді.
Оның айтуынша, 2017 жылдан бері байланыс қызметтері бойынша тарифтер реттелмейді, сондықтан олар бәсекелі нарық жағдайында қалыптасады.
«Біз білетіндей, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі операторларға тарифтерінің құрамын көрсету жөнінде хабарламалар жіберді – бұл ретте қоғамдық тыңдаулар мен тиісті рәсімдер ережелерге сәйкес өткізілуі тиіс. Ал министрлік тарапынан қазіргі таңда біздің құзыретіміз шеңберінде тарифтердің өсуіне шектеу қою мүмкін емес. Тарифтерді реттеу функциясы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзыретіне кіреді», – деді Дмитрий Мун.
Дмитрий Мун байланыс сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын, осыған байланысты операторлар тарифтерді көтеретінін айтады.
Айта кетейік үкімет тедекоммуникайия және байланыс саласына қатысты жаңа Заң жобасын әзрілеп жатыр. Осыған байланысты елде интернет пен ұялы байланыс тағы да қымбаттауы мүмкін. Құжатқа сәйкес, елде телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру және телекоммуникация желілеріндегі азаматтардың құқықтарын қорғау Қоры құрылады.