«Берденов денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмайды»

Жарияланды
Берденов денсаулығына байланысты сот отырысына қатыспайды/Фото: Дилара Иса

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жәбірленуші қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмайды. Бұл туралы бүгін басталған басты сот талқылауынша жәбірленушінің заңды өкілі хабарлады.

«Берденов алған жарақатының нәтижесінде және денсаулық жағдайына байланысты емханаға жатқызылып, стационарлық тексеруге, оңалтуға емдеуге жатқызылған. Сондықтан сот отырысына қатыса алмайды. Қатыса алмауына байланысты тергеуде берген жауаптарды қолдайды»,– деді судья жәбірленуші ұсынған құжатты оқып.

Айыпталушыны сотта үш қорғаушы қорғап жатыр. Оның бірі «Ем қабылдау кезінде не стационарлық ем алу кезінде жәбірленуші сот алдында жауап беруге мүмкіндігі бар ма, жоқ па? Жәбірленушінің өкілі ұсынған құжатта оның денсаулығына байланысты сот алдында жауап беруге мүмкіншілігі жоқ деген бір ауыз сөз жоқ. Одан бөлек тергеу құжаттарында жәбірленушіден екі рет жауап алынған. Бірінші жауабы мен екінші жауабының арасында қарамай-қайшылықтар бар. Сондықтан мүмкіндігінше жәбірленушінің сотқа келіп жауап беруін сұраймыз. Бұл істің жан-жақты қаралуына дұрыс шешім шығуына сеп болар еді», – деді айыпталушының қорғаушыларының бірі.

Сотталушының қорғаушылары ең болмағанда жәбірленуші сотта онлайн жауап беруін сұрады.

Жәбірленушінің соттағы заңды өкілі Жеңіс Тыныбек Руслан Берденов ота жасатуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, оның өкпе, бауырында оқ дәрі бар. Оны ота жасап шығарып, оңалту керек.

«Сот қанша уақытқа созылатынын білмейміз ғой. Тергеу кезінде позицияңыз басқа еді, қазір тағы өзгеріп жатыр, сот тергеуінде тағы өзгеруі мүмкін. 5 рет оқ тиген ауырып жатқан адамды сотқа шақыру адамгершілікке жатпайды. Берденов денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайды», – деді Берденовтің өкілі.

Ал жәбірленушінің сотқа онлайн қатыса алатыны не ала алмайтынын оның өкілі сұрап білетінін айтты.

Судья Абинұр Қарабаев 6 тамыз күні өтетін басты сот талқылауында жәбірленуші Руслан Берденовтің қатысуға міндеттеген.

Айта кетейік Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен.

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінген. Полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.

Сондай-ақ оқыңыз