«Берденовті өлтіру ойым болмады»: Ернар Жиембай қорқыту мақсатында оқ атқан

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай сотта жауап беріп жатыр. Оның айтуынша, Берденовті қорқыту мақсатында оқ атқан, өлтіру ниеті болмаған.
Айыпталушы Ернар Жиембайдың сотта айтуынша, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ар-намысына тиетін сөздері мен «соттатамын» деп қорқытуын ұмыта бастағанда, әйелімен арасында отбасылық ұрыс-керіс болып, ажырасуға арызданған. Мұның бәрі оны күйзеліске алып келген. Осы кезде достарымен аңшылыққа баруға келіскен. 21 сәуір күні әйелімен ұрыс жалғасқан. Әйелі Астанаға кетемін деп, киім-кешегін жинап, буып-түйіп кетпек болған. Оны Жиембай тоқтатқан. Түстен кейін жұмыстан шығып бара жатқанда қалалық құрылыс басқармасынан хабарласып, Берденовтің Жиембайдың арызы қайда деп іздеп жатқанын жеткізген.
«Кешкі жетіде Берденовке барып, достарыммен аңшылыққа шығып кететін болдық. Ол қару екі жыл бұрын алынған. Аңшылық қаруы. Қаруды досыма таңертең беріп жібергем. Кешке ол келді. Қаруды алып қалдым. Досым отбасымен қоштасуға кетті. Тұранға барып қаруға оқ салдым. Өзім ішкі істер академиясында оқығам. Өлтіру ниетім болса, ол кісіні өлтіріп тастайтын едім. Ондай ой болмаған. Әйеліммен ұрысқан стресті шығару үшін айдалаға барып оқ аттым. Қаруға 5 оқ салдым. Таза құсқа арналған оқ. Кешкі сегізден асып қалған уақыт. Әкімшілікке келдім. Ойым арызды жазам да шығам дедім. Әкімдіктің көлік тұрағына келдім. Қарасам телефон ұстап келе жатыр екен. Сол кезде саналы түрде қорқытайыншы деген ой пайда болды. Ар- намысымды жегенше, дұрыс сөйлеуге шақырайын деген ой болды», – деді Жиембай.
Жиембай қаруды көрген Берденовтің көлігіне қарай қашқанын айтады. Сотталушы жерге бір рет атқан. Одан кейін Берденовке 4 рет оқ атқан.
«Ашуланып қылмыстық құқықбұзушылық жасап қойдым. Барып көргенде, қан көрмедім. Осы бізге керек пе еді дедім. Қаруда оқ жоқ деп лақтырып жібердім. Осы кезде көлік келіп соқты, құладым. Қашу ойымда жоқ. Екінші адам келіп мойнымнан қылқындырып, құлатып кісен салды. Мені өлтіріп тастай салыңдар, бұл кісі менің отбасымды бұзды деп айқайладым», – деді Жиембай.
Сотталушы жасаған қылмыстық іс әрекетіне өкінеді. Айтуынша, жәбірленуші тарап әкесіне, әйеліне кешірім сұрап жазба жарияласа, кешірім беремін дегенімен уәдесінде тұрмаған.
«Таңқалатыны «Мені өлтіруге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппарат басшысы арқылы тапсырыс берді. Мені киллер етіп жалдады» деп куәлік берсін, мен Ернарды суырып аламын деді» деп Жиембай сөзін аяқтай бастағанда, прокурор оның сөзін іске қатысы жоқ деп тоқтатуға тырысты. Жиембай: «Айтайын дегенім, әкімнің бұл іске қатысы жоқ», -деді.
Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған.