Жиембай Берденовпен алғашқы кездесуі туралы айтып берді

Шымкент қалалық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау туралы іс жалғасуда. Сот күдікті Ернар Жиембайдан жауап ала бастады.
Жиембай сотта жауап беруден алдын осы оқиғаның болғанына қатты өкінетінін жеткізді. 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін «Сауап» мүгедектер қоғамын басқарғанын, осы жылы 1 шілдеден бастап қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның дирокторы болғанын жеткізді.
«Бұрын сотты болмағанмын. Жұмыстан ешбір сөгіс алмағам, ескерту болмаған. Әйеліммен 6-сыныптан бері біргеміз. Адал жарым, оны өте қатты жақсы көремін. Екі балам бар. Осы күнге дейін әйелімнің біреумен сөйлесіп, өзгемен көңіл қосып, әлеуметтік желілерде жазып жатқандай жыныстық қудалау болды дегенді жоққа шығарамын. Әйелім ондай жеңіл жүрісті қыз емес», – деді айыпталушы Жиембай сөз басында.
Айыпталушының сөзінше, тұңғыш ұлы ерекше бала. Көршісінің де балссы ерекше бала. Әйелі мен көршісі бірге балаларын орталықтарға алып барып, емдетіп жүрген. Ал көршісі Руслан Берденовтің жақын інісі.
«Әйелім Берденов туралы естігендерін айтып жүрді. Әйелім гәпке қатысады, оны қолдаймын. Әйелім бір отырыста Берденовті көрдім деді. Берденов осы қызметке келмей тұрып (Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне-ред.) әлеуметтік желіден танитынмын. Іштей құрметтейтінмін. Ақпан айында қала әкімінің орынбасары қызметіне келді. Қуандық. Жаңылыспасам, наурыз айының 7 не 8-іне әйелімнің ұялы телефонына хабарлама келді. Қарасам Руслан Бербенов лайк басқан, әдемі екенсің деп жазған. Әйелімді шақырып, мынаны аш дедім. Екеуіміз ұрысып қалдық сол жерде. Әйелім мен танымаймын деді. Сонымен болды», – деді сотталушы.
Жиембайдың айтуынша, наурыз айының соңында Берденов оны көмекшісі арқылы шақырған. 2024 жылдың бюджетін әкелуді сұраған. Кездесу бірнеше күннен кейін болған.
«Әйеліме киімімді дайындап қой дегем. Киімдерімді дайындап үлгермепті. Ақ көйлегімнің жағасын күйдіріп қойды. Әйелім Берденовтің киімге қатты мән беретінін айтты. Түсінбедім. Оны қайдан білесің, менің қандай киім киетінімді білмейсің ғой сен дедім. Киімге емес іске қарайтын шығар дедім де қабылдауына бардым. Кіргеннен бір нәрсені сездім, қабылдауында диалог болмайтынын білдім. Бірден «Мен қала әкімінің орынбасары болып келдім. Шақырмасам келмейтін ойың жоқ қой сенің. Қайдан шыққан дәусің, мұрынбоқ» деді», – деді сотталушы.
Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші Берденов денсаулығына байланысты келмеді. Алдын ала тыңдау кезінде судья Абинұр Қарабаев Берденовтің сотқа келіп қатысуын міндеттеген еді.
Айта кетейік Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен.
21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке Ернар Жиембай күдікке ілініп, полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.