Бектенов екі комитет төрағасын жауапкершілікке тартуды тапсырды

Олжас Бектенов Мемлекеттік кірістер комитеті мен Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұған олардың жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны себеп болған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр өткізу пункттерін жаңғырту жөнінде жиын өткізген.
Қаржы министрлігі мәліметінше, жоспарда Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы (ҚХР, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан) 9 өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары тұр. Қазір оның төртеуінде – Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл пункттерінде жұмыстар аяқталды.
Бес нысанды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пунктін реконструкциялау жоспардан тыс жүріп жатыр, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.
Бектенов кеден қызметінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекараларындағы автомобиль өткізу пункттерін жөндеу мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты салалық министрліктер жұмысын сынға алды. Жауапты екі комитет төрағасын жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сонымен қатар министрліктердің жауапты басшылары жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін өңірлерге жіберілді.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде қайта жаңғырту жұмыстары басталғаны хабарланды.