Берденов сотталушының «әйеліме қырындады» дегеніне пікір білдірді

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне оқ атқан Ернар Жиембайдың соттағы жауабына қатысты пікір білдірді.
2025 жылдың 6 тамызындағы сот отырысында Жиембай бұл жағдайға жұмыстың қатысы жоқ екенін, қызғаныштан болғанын айтты.
Сондай-ақ Берденовті өлтіру ойы болмағанын жеткізді. Айтуынша, жәбірленуші тарап «Берденовті өлтіруге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппарат басшысы арқылы тапсырыс берді, мені киллер етіп жалдады» деп айтуды ұсынған. Мұндай жағдайда Берденов кешірім беретінін жеткізген.
Әкім орынбасары бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр. Ол оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сотқа қатыса алмайтынын жазған.
«Сотта Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл – шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ», – дейді шенеунік.
Сөзінше, «достасу» туралы ұсынысты сотталушы Жиембайдың өкілдері ұсынған.
«Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын», – дейді ол.
Руслан Берденов болған жағдайда жеке қатынастың қатысты жоқ деген пікірде.
«Қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру – манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын», – деп жазды Берденов.
Айтуынша, денесінде аңшы мылтығының 60-тан аса қорғасын оғы әлі де бар.