БЖЗҚ қазақстандықтарға ескерту жасады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарға ескерту жасап, алаяқтардың торына түспеуге шақырды.
«Әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін алуға төмен пайызбен «көмек» көрсету қызметі туралы жалған хабарландырулар жаппай тарап жатыр. Делдалдар сізді адастыру үшін БЖЗҚ мен уәкілетті операторлардың логотиптерін пайдаланады», – делінген ақпаратта.
Соған байланысты БЖЗҚ ақшаны тек заңда көрсетілген жағдайда ғана алуға болатынын еске салды.
«Зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін ешқандай делдалдың көмегі қажет емес, қызмет комиссиясыз жүргізіледі. БЖЗҚ өз қызметі үшін комиссия алмайды, ал барлық төлем түрі қатаң түрде заң аясында жүзеге асырылады», – делінген ақпаратта.
Зейнетақы жинағын тұрғын үйге және емделуге мақсатты пайдалану тек екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар біржолғы зейнетақы төлемінен ұсталған жеке табыс салығын (ЖТС) қайтарып ала алады.