ЭЦҚ-ны енді тек онлайн алуға болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ЭЦҚ алу тәртібі өзгереді/коллаж kursiv.media

11 тамыздан бастап электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу тәртібі өзгереді. Енді бұл қызмет толық онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

«Бұл шешім азаматтардың дербес деректерін қорғау деңгейін арттыру және жеке цифрлық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол электрондық қолтаңбаны бөгде тұлғаларға алу жағдайының алдын алады», – делінген ресми ақпаратта.

Айта кетейік, бұрын ЭЦҚ кілтін онлайн да, ХҚКО-да да алуға болатын.

ЭЦҚ қалай онлайн алуға болады?

Электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн алу үшін қажет:

  • egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріңіз;
  • Онлайн өтінім жіберіңіз;
  • Биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз – жүйе камера арқылы бет-әлпетіңізді таниды.

Бәрі дұрыс орындалса, ЭЦҚ кілті бірден ХҚКО қызметкерлері қатысуынсыз онлайн түрде беріледі.

Жүйе фотоны танымаған кезде не істеу керек?

Министрлік онлайн қызмет алу барысында жүйе адамның бет-әлпетін танымауы мүмкін екенін де мәлімдеген. Бұл базада фотосурет болмаса немесе техникалық ақау кезінде болуы мүмкін. Мұндайда жүйе 5 рет биометриялық тексеруден өтуге мүмкіндік береді. 5 мүмкіндіктен кейін де мәселе шешілмесе, ХҚКО-ға жүгіну мүмкіндігі пайда болады.  

Интернеті жоқ азаматтар не істейді?

Интернет немесе компьютері жоқ азаматтар үшін ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Егер пайдаланушы сол жерде сәтті идентификациядан өтсе, ЭЦҚ кілттері ХҚКО операторының қатысуынсыз онлайн түрде беріледі.

Айта кетейік, жеке куәлікті онлайн ауыстыру қызметі әлі әзірленіп жатыр. Бұл функция жыл соңына дейін іске қосылуы мүмкін

Сондай-ақ оқыңыз