Ақтауда екі қызды құтқарып, өзі суға кеткен ер адамның отбасына пәтер берілді

Маңғыстауда екі адамның өмірін құтқарып өзі суға батып кеткен Ерлан Шонтабаевтың отбасына пәтер берілді. Бұл туралы облысы әкімдігі хабарлады.
«6 тамызда екі адамның өмірін құтқарып өзі суға кеткен Ерлан Шонтабаевтың отбасына Ақтау қаласынан жаңа 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Қоныстануға дайын тұрған пәтер құрылыс компаниясының демеушілігі арқылы берілді», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ демеушілер есебінен марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсетілді.
Айта кетейік, 26 шілдеде Ерлан Шонтабаев Ақтау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан шомылуға арналмаған жағажайда суға батып бара жатқан екі қызды аман алып қалған. Сондай-ақ өзімен бірге көмекке ұмтылған тағы бір азаматты құтқаруға тырысқан сәтте қатты толқынның салдарынан өзі суға батып кеткен.