
Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмоновадан екі адам қайтыс болған қылмыстық істе қорғалуға құқығы бар куә ретінде жауап алынған. Ақпаратты Жамбыл облысы полиция департаменті растады, деп хабарлайды KursivMedia.
Айта кетейік, бұған дейін 27 шілде сағат 08:50-де Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында жол апаты болды. Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам көз жұмды, Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Жол апатын тергеу барысында оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Гүлайым Рахмоновадан қорғануға құқығы бар куә ретінде жауап алынған. Ол қазір Алматыдағы ауруханада емделіп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Тергеу нәтижесінде Рахмоноваға қатысты қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.