Бағанашылда орналасқан балалар үйіндегі даудан кейін екі шенді қызметінен кетті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Бағанашылда орналасқан балалар үйіндегі даудан кейін екі шенді қызметінен кетті/фото: ҚМА

Алматының таулы ауданы – Бағанашылда орналасқан Алматы облыстық №1 балалар үйінің айналасындағы шудан кейін облыстың екі басқарманың басшысы қызметінен кеткен. Бұл туралы Informburo.kz порталы хабарлаған.

Қызметтен кеткен шенділер арасында Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов пен Білім басқармасының басшысы Салтанат Баспаева бар. Әбітов порталған қызметтен кеткенін жеке өзі растаған. Ал облыс әкімдігі пікір білдірмеген.

Ulysmedia.kz порталы қос шенді де өз еркімен кеткенін жазған.

Жалпы балалар үйінің айналасындағы даулы жағдай биылғы наурыз айында басталған. Орталық тәрбиеленушілері өздерін Алматыныңбаспанасынан шығарып, Қонаевқа көшіргелі жатқанына қарсылық білдіріп, желіде үндеу жолдаған.

Артынша, мәселе Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Алматы облысының әкімдігі деңгейінде шешімін тауып, балалар ешқайда көшірілмейтіні хабарланған.

Ал мамыр айында қоғамдық белсенді Юлия Нестерова тәрбиеленушілерге қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенетінін жеткізген. Алайда орталық басшылығы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданғанын, белсендінің күдігі орынсыз екенін айтқан. Білім басқармасы Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады

10 шілдеде тәрбиеленушілер Қонаевқа көшірілгелі жатқаны белгілі болды. Алматы облысының Білім басқармасы мұны орталық ғимаратының апаттық жағдайда екенімен байланыстырған

Ал 21 шілде күні әкімдік тәрбиеленушілерді көшіруге тырысқанда, тәрбиеленушілер полициямен қақтығысып, мәселеге президент тоқсау салып, президент әкімшілігіне дауды тексеруді тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз