Енді ажырасу жеңілдей ме

Әлеуметтік желі қолданушылары мен кей пабликтер «16 қыркүйектен бастап ажырасу рәсімі жеңілдейді» деген ақпарат таратып жатыр.
Онда енді тараптар бір жақты ажыраса алатыны, бұл сот жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдететіні айтылады.
Алайда бұл олай емес. Әңгіме «Неке және отбасы туралы» кодекске енген өзгерістен шыққан. Жуырда президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Оның аясындағы түзетулер жоғарыда айтқан кодексті де қамтиды.
Атап айтқанда, 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 17-бабы 2-тармағы «5» тармақшамен толықты. Тармақшада сөзбе-cөз «қылмыстық қудалау органы шығарған халықаралық іздеуге жариялау туралы қаулыны сот санкциялаған күннен бастап үш жылдан астам уақыт халықаралық іздеуде жүрген жағдайда» деп жазылған.
Яғни, енді жұбайы үш жылдан астам уақыт сот санкциялаған халықаралық іздеуде жүрген болса, неке ерлі-зайыптылардың бірінің өтініші бойынша бұзылуы мүмкін.
Демек, аталған түзету тек халықаралық іздеуде жүргендердің отбасына ғана қатысты.
Керісінше, елде ажырасуды азайту үшін некені бұзғаны үшін баж салығының мөлшері көбейтілгелі жатыр. Депутат Берік Бейсенғалиев бұл шешім адамдар ажыраспас бұрын ойлануы үшін, эмоциямен шешім қабылдамауы үшін енгізілгелі отырғанын жеткізген.
Ажырасуға салынатын баж салығы 20 АЕК көлемінде (79 640 теңге) белгіленіп отыр.
Бұған дейін, елдегі ажырасу географиясы туралы жазып, неке қай өңірде тұрақты, қай өңірде ажырасу көп екені жөнінде жазғанбыз.