Қылмыстық топ елге кірген мигранттардан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған

Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті мен Алматы облысының полиция департаменті бірлесіп ауқымды операция барысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кескенін хабарлады.
Заңсыз арнаны шетел азаматтары ұйымдастырған. Олар Қазақстан Республикасының аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізу, транзитпен өткізу және заңдастырумен айналысқан. Топ мүшелері бұл «қызметтері» үшін әр мигранттан 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
Арнайы іс-шаралар барысында ұсталғандардан ондаған шетелдік төлқұжат, медициналық сақтандыру, жалған құжаттар, сондай-ақ есірткі заттары мен діни әдебиеттер тәркіленген. Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған факті бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, алаяқтық және есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты алты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ІІМ заңсыз көші-қонның кез келген түрі мен ұйымдасқан сызбалар әшкереленіп, қатаң түрде тоқтатылатынын, кінәлілер заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Бұған дейін, Шымкент қаласында жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленген.