Алматы әкімдігі экс-депутаттың қызына тиесілі компанияны сотқа берді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі: бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы әкімдігі Сайран көлінің жағалауын жаңғыртумен айналысқан компанияны сотқа берді. Әкімдік «Павлодар өзен порты» компаниясын құрылыс жұмысын уақытында бітірмей, сапасыз атқарды деп айыптап отыр.

Осы негізде қала билігі АО «Павлодар өзен порты» компаниясын мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айыруды талап еткен. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы Tengrinews.kz редакциясының ресми сұрауына берген жауабында айтқан.

«Қазіргі кезде шарт міндеттемелердің мерзімінде әрі сапалы орындалмауына байланысты, Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «Павлодар өзен порты» АҚ компаниясын мемлекеттік сатып алулардың адал қатысушысы деп танудан бас тарту туралы сотқа талап-арыз берді», – делінген ресми жауапта.

Сайран көлін абаттандыру – Алматы әкімдігінің биылғы ең ірі және қымбат жобаларының бірі. Жоба құны 12 миллиард теңгеден асады. Бастапқыда жұмыстар жаздың басында аяқталуы тиіс еді, алайда құрылыс толық аяқталмаған.

Маусым айында екі адам суға кеткен соң, Сайранда шомылуға қатаң тыйым салынған.

Аталмыш компания былтыр 235,8 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған. Жалпы 2024 қаржы жылында жасаған келісімшарт саны – 19. Мәселен, 36 млрд теңгеге компания «Алматы қаласында батыс кәріз коллекторын» салмақ. Одан бөлек, Маңғыстау облысында «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіруді қолға алған. Бұл жобаның құны 50 млрд теңгеден асады.

«Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы «САН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл серіктестіктің құрылтайшылары – Пішембаева Долорес Мейрамқызы мен Сағынбек Анетта Арманқызы. Долорес Пішембаева – бірнеше рет Мәжіліс депутаты, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаевтың қызы.

Сондай-ақ оқыңыз