Миллиардердің компаниясы мажарлықтармен бірлесін премикс өндіретін зауыт салмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысында премикс шығаратын алғашқы зауыт салынады. Зауыт құрылысын миллиардер Ерлан Баймұратовқа тиесілі «АзияАгроФуд» компаниясы мен мажарлық UBM Group бірлесіп жүргізбек. Тараптар тиісті инвестициялық келісімге қол қойған.

Жоба бойынша қуаттылығы жылына 48 мың тоннаны құрайтын жаңа өндіріс орны салынады. Бұл зауыт елімізде премикс – жануарларға арналған аралас жемге қосатын өнім шығаруға маманданған алғашқы кәсіпорын болмақ.

Қазір Қазақстанда премикстер негізінен шетелден импортталады. Сондықтан зауыт іске қосылғаннан кейін импортқа тәуелділік біршама төмендеп, саланың тұрақтылығы артуы тиіс.

«Бірлескен кәсіпорын құру – еліміздің жемшөп саласы үшін маңызды қадам. Қазіргі таңда жем компоненттері негізінен шетелден жеткізіледі. Зауыттың іске қосылуы импортты ішінара алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға және саланың тұрақтылығын күшейтуге жол ашады», – деді KazFoodProducts құрамына кіретін «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашенов.

UBM Group бас директоры Петер Хорват бұл компанияның Орталық Азиядағы алғашқы жобасы екенін атап өтті. Бұған дейін холдинг Мажарстан, Сербия, Румыния, Словакия және Австрияда осындай кәсіпорын салған.

Премикс зауыты бойынша инвестициялық келісім 2024 жылғы қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға жасаған сапары аясында жасалған уағдаластық нәтижесінде жүзеге асып отыр. Алайда жоба құны мен инвестиция көлемі әзірге жарияланған жоқ.

2005 жылы құрылған «АзияАгроФуд» АҚ – ұн, бидай мен жүгері өнімдерін, сондай-ақ құрама жем шығаратын қазақстандық компания. Оның құрамына тәулігіне 400 тонна бидай, 200 тонна жүгері өңдейтін өндіріс кешендері және тәулігіне 600 тоннаға дейін жем өндіретін зауыт кіреді.

Компанияның 95%-ы «KazFoodProducts» ЖШС-не тиесілі, қалған 5%-ы Айдархан Сарсембаевқа қарайды. Ал холдингтің түпкі иесі – Forbes дерегі бойынша 108 млн доллар дәулеті бар қазақстандық кәсіпкер Ерлан Баймуратов. Ол сондай-ақ «Баян Сұлу» АҚ-ның ірі акционері, агроөнеркәсіп саласындағы бірнеше кәсіпорынға иелік етеді.

UBM Group – Венгриядағы жетекші агроөнеркәсіптік холдинг. Ол құрама жем, дәнді және майлы дақылдар, жануарлар ақуызы саудасымен айналысады.

Мамыр айында «АзияАгроФуд» зауытының қоймасындағы жарылыстан бес адам қайтыс болған.

Сондай-ақ оқыңыз