Сарапшы: 2026 жылдың соңында доллар бағамы 600 теңгеге жетуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Белгілі қазақстандық экономист Алмас Чукин өткен аптада теңгенің әлсіреу себебін түсіндіріп берді. Оның жазуынша, доллардың қымбаттауына негізінен инфляция мен ақша көлемінің артуы себеп.

Чукин қазіргі 540–560 теңге аралығындағы доллар бағамын «жаңа шындық» деп атады. Оның болжауынша, 2026 жылдың соңына дейін доллардың бағамы 600 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл жыл сайын теңге шамамен 6–8%-ға құнсызданады деген сөз.

Ақша массасы артқанымен, тауар аз

Чукиннің айтуынша, 2024 жылы экономика айналымындағы ақша 19%-ға көбейіп, 45 триллион теңгеге жеткен. Бұл ақшаның басым бөлігі Ұлттық қордан бөлінген. Яғни, бұл ақша – нақты өнімнен түскен жоқ, мұнай сынды табиғи ресурстарды сатқаннан түскен табыс.

Сол жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 15%-ға өскенімен, нақты өсім тек 4,8%-ы құрайды. Бұл дегеніміз – экономика өсіп үлгермей жатқан кезде ақша көлемі тым артып кеткен.

Импортқа сұраныс артып, доллар қымбаттады

Экономикада ақша көбейсе, адамдар мен бизнестің сатып алу мүмкіндігі артады. Бірақ отандық өндіріс бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Нәтижесінде халық шетелден тауар сатып ала бастайды. Бұл импортқа сұранысты, сонымен қатар долларға деген сұранысты өсіреді. Ал валюта жетіспеген жағдайда, оның бағасы өседі, яғни, доллар қымбаттап, теңге арзандайды.

Теңгеге қосымша қысым түсіріп жатқан факторлар

  • Мұнай бағасының арзандауы. Brent маркалы мұнайдың бағасы 60 долларға дейін түсуі мүмкін.
  • Капиталдың сыртқа кетуі. Елден шетелге ақша көбірек кетіп жатыр, ал келіп жатқан қаражат аз.
  • Үкіметтің мемлекеттік шығынды арттыруы. Бұл да ақша көлемін көбейтеді.
  • Дедолларизация шаралары. Бұл саясат доллардың нарықтағы ұсынысын азайтады.

Ұлттық банк не істей алады?

Қазақстандағы валюталық нарық өте шектеулі. Долларды негізінен 30–40 ірі компания сатады. Олар валюта сатуды азайтса, бағам күрт өзгеріп кетуі мүмкін.

Чукиннің айтуынша, Ұлттық банк валюта бағамын толығымен ұстап тұра алмайды. Бірақ ол шағын әрі жүйелі интервенция арқылы қатты ауытқулардың алдын ала алады. Жақында Ұлттық банк өз қорынан 125 млн доллар сатып, теңгенің күрт құлдырауын тоқтатқан.

Сондай-ақ оқыңыз