Ұлттық қор: есептілік пен ашықтық талаптары қалай орындалып жатыр?

Қолданыстағы заң нормаларында Ұлттық қор қызметінің ашықтығы мен есептілігіне қойылатын талаптар нақты жазылған. Мысалы, Қаржы министрлігі ай сайын Ұлттық қордың кірісі мен шығысы туралы мәліметті, сондай-ақ жыл сайын қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есепті жариялап отыруға тиіс. Ал Ұлттық банк өз сайтында ай сайын қор активтерінің көлемі туралы, жыл сайын активтерді басқару нәтижесін ұсынады. Егер бұл талаптар орындалса, онда ашықтық принципі жүзеге асады және халықтың қаржылық сауаты көтеріледі. Алайда сарапшылар қазіргі кезде Ұлтты қор ашықтығы приципі заңнамада жазылған негізде толық сақталмай отырғанын айтады.
Қаржылық сауаты жоғары қоғам – дамудың бір белгісі десек, Ұлттық қордың ашықтығын толық қамтамасыз етуге неге құлықсыз болып отырмыз? Осы мәселенің шешімін іздеп көрдік.
Әуелі Ұлттық қор туралы қысқаша ақпарат беріп, міндетіне тоқталайық. Қазақстанның Ұлттық қоры 2000 жылы мұнайдан түскен табысты болашақ ұрпақ игілігіне жинау үшін құрылған. Қор активтерін Ұлттық банк басқарады. Ал бұл қаржының дұрыс әрі заңды жұмсалуын арнайы комиссия мен Ұлттық қорды басқару кеңесі қадағалайды. Бұл кеңесті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады. Биыл шілде айында осы кеңес туралы ережеге өзгеріс енгізіліп, қызметі мен өкілеттілігі кеңейді.
Ұлттық қордың басты екі міндеті бар:
Біріншісі – жинақтау, яғни, мұнайдан түсетін табысты жинап, оны тиімді инвестициялау арқылы көбейту.
Екіншісі – тұрақтандыру. Егер елде дағдарыс болып, экономика тұралап қалса, осы қордан қаржы бөлініп, бюджет тапшылығын жабады.
Қордың қаражаты негізінен мұнай компанияларынан түсетін салықтар мен алымдардан құралған. Мысалы, корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларға салынатын салық, роялти (мұнай мен газ үшін төленетін ренталық төлем), экспорттық кедендік баж сынды түсімдер. Бұған қоса, мемлекет меншігіндегі жерлер мен компания активтерін сату және қордың өзі тапқан инвестициялық табысы да қазынаны толықтырып отырады.
Ал қордағы ақшаны қалай және қайда жұмсауға болатыны – нақты ережелермен реттелген.
Жыл сайын республикалық бюджетке Ұлттық қордан екі түрлі трансферт бөлінеді:
- Кепілдендірілген трансферт. Бұл – әр жылы тұрақты түрде берілетін қаражат. Оның мөлшері алдын ала үш жылға есептеліп, үкіметтің ұсынысымен бекітіледі. Содан соң бұл сома Парламент арқылы заң жүзінде бекітіледі.
- Нысаналы трансферт. Бұл – аса маңызды жобаларды қаржыландыру үшін немесе дағдарыс кезінде көмек ретінде берілетін қаржы. Мұндай трансфертті бөлу туралы шешімді тікелей Президент қабылдайды, ал Үкімет арнайы ұсыныс дайындайды.
Бірақ Ұлттық қордағы ақшаны кез келген мақсатқа жұмсауға болмайды. Оны жеке кәсіпкерлерге қарыз ретінде беруге, ішкі нарықтағы қаржы құралдарына инвестициялауға немесе ағымдағы бюджет шығынын жабуға рұқсат жоқ.
Ұлттық қордан алынған қаржының қайтарымы қандай?
Макроэкономист, зерттеуші Аягөз Ханеттің айтуынша, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттердің әлеуметтік-экономикалық қайтарымы толық өлшенбейді.

«Ресми органдар трансферттің нәтижесін емес, оның игерілуін бақылайды, яғни көбіне тек техникалық критерийлермен шектеледі. Ал «бұл ақша қоғамға не берді, кедейлік қысқарды ма, халықтың табысы өсті ме?» деген сұрақтар олардың функционалдық міндетіне кірмейді және нақты жүйемен бекітілмеген», – дейді.
Кей зерттеулер бойынша бұл қаражат экономиканы уақытша өсіргенімен, инфляцияны да арттыруы мүмкін. Сондықтан сарапшы трансферттердің тиімділігін кешенді түрде өлшейтін тәуелсіз бақылау жүйесін енгізу қажет екенін атап өтеді.
Бюджет тапшылығы Ұлттық қор қаржысымен жабылады
Бұл қор болашақ ұрпақ үшін құрылғанымен, кейінгі жылдары бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қор қаражатын оңды-солды пайдалану теріс үрдіске айналды. Мысалы, 2024 жылы Ұлттық қорға 3,8 трлн теңгеге жуық қаржы түскенімен, қордағы қаражат небәрі 3,2 трлн теңгеге артты. Себебі ел үкіметі бюджет кірісі жоспардан аз түскен соң қордан 5,6 трлн теңге алды. Бұл – 2024 жылғы бюджет кірісінің үштен біріне тең. Ал 2025 жылы Ұлттық қордан 5,25 трлн теңге алу жоспарланған, қорға сол жылы 4,8 трлн теңге түсуі ықтимал.
“Бұл дегеніміз – шығын түсімнен асып тұр. Мұндай тәсіл жалғаса берсе, қордағы қаражат ұзаққа жетпейді, келешек ұрпаққа ештеңе қалмауы мүмкін», – деп ескертеді экономист Меруерт Махмұтова.
Жоғары аудиторлық палата өкілі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, 2024 жылы Ұлттық қор активтерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі небәрі 20% құраған.
«Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, Ұлттық қор қаражаты республикалық бюджеттің орта есеппен 30%-ын, оның ішінде 2024 жылдың ішінде 23%-ын қамтамасыз етті», – дейді ол.
2024 жылы Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, Ұлттық қорға ақша аударатын мұнай компанияларының саны 204-тен 24-ке дейін қысқарды, салдарынан қорға 166 млрд теңге кем түсті. Нұржанов осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа жеткізу жоспары орындалмайды деп қауіптенеді.
Қаржы министрлігінің 2025 жылдың 1 шілдедегі дерегіне сәйкес, қорда 32,8 трлн теңге жинақталған. Қордың шетел валютасындағы активтері 2025 жылдың маусымында 60,3 млрд долларға жетті.
Ұлттық қорға арналған заң жоқ
Қазақстанда Ұлттық қор – бюджет жүйесі мен бюджет саясатының негізі бөлігі. Алайда қолданыстағы Бюджет кодексінде Ұлттық қорға жалпылама бір тарау арналған, ал қор қаржысын пайдалану ережесі Президент бекітетін тұжырымдама арқылы реттеледі. 2016 жылғы тұжырымдамада Ұлттық қор қаражаты тек республикалық бюджет арқылы жұмсалуға тиіс деп белгіленіп, бұл талап 2022 жылдың желтоқсанына дейін сақталды. 2022 жылдың соңында аталған тұжырымдама күшін жойып, орнына бүкіл мемлекеттік қаржыны 2030 жылға дейін басқаруға арналған жаңа тұжырымдама қабылданды. Осы құжаттың 5-тарауы Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану саясатына арналды. Соған сәйкес, 2022 жылдан бері Ұлттық қор қаражаты ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана емес, Парламентті хабардар ете отырып, тұжырымдамада жазылған өзге мақсаттарға да жұмсалатын болды.
Президенттің қаулысымен тұжырымдамаға бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ облигацияларына орналастыруға мүмкіндік берілді. 2023 жылғы тағы бір өзгеріс негізінде қазан-қараша айларында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғаны белгілі. Нәтижесінде ел бюджетіне трансферттен тыс қосымша 1,3 трлн теңге түсті. Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаражат «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Сарапшылар Ұлттық қордың қаражатын бұлай алу – бюджет саясаты тұрғысынан теріс үрдіс деп бағалады. Ал 2024 жылы Ұлттық қордың 467 млрд теңгесіне «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары мен 238 млрд теңгесіне «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары сатып алынды.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл қаржы құралдары тұжырымдамада белгіленген шектеулерге қайшы келмейді және Ұлттық қорды басқару кеңесінің шешімімен мақұлданған.
«Акцияларды сатып алу тек қор қаражатын пайдалану ретінде ғана емес, активтерді әртараптандыру ретінде де қарастырылуы керек. Компаниялардың акциялары нарықтық жағдайда бағасына жеңілдікпен алынды. 2023 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен 1,3 трлн теңгеге сатып алынған «ҚазМұнайГаз» акцияларының қазіргі құны шамамен 1,8 трлн теңге, ал 2024 жылы 467 млрд теңгеге алынған «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының құны 598 млрд теңгеге өсті. Бұдан бөлек, Ұлттық қор бұл компаниялардың акционері ретінде дивиденд те алады», – делінген Ұлттық банктің ресми жауабында.
Соңғы тұжырымдамада Ұлттық қор активтерін басқару туралы бөлек құжат дайындау қажет делінген. Ұлттық банк осы құжатты әзірлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 шілдеде бекітті. Онда қор активтерін 2030 жылға дейін басқарудың негізгі бағыттары белгіленген. Бірақ экономистер Ұлттық қорға жай тұжырымдама емес, арнайы заң қажет деп санайды.
Белгілі экономист, Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтова қор құрылғалы бері оған қатысты арнайы заң қабылдау керегін айтып келеді.

«Бізде Ұлттық қор туралы арнайы заң жоқ. Шетелде Ұлттық қорды Самұрық-Қазына әл-ауқат қорымен шатастырады, себебі Самұрық-Қазына туралы заң бар да, ал Ұлттық қор туралы заң жоқ», – дейді сарапшы.
Махмұтова осы 25 жылда бірнеше тұжырымдама қабылданса да (2005, 2010, 2016, 2022 жылдары), олардың бірде-бірі толық іске аспағанын айтады.
«Қағаз жүзінде бәрі керемет жазылғанымен, іс жүзінде орындалмай қалды. «Квазимемлекеттік секторға қаржы бөлмейміз», «тек инвестициялық табысты қолданамыз» деген уәделердің бәрі орындалмай қалды. Ұлттық қордан бөлінетін қаражат тек республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалуы тиіс болатын. Бірақ 2015 жылдан бері қор ақшасы бюджеттен тыс мақсаттарға да жұмсала бастады. 2016–2017 жылдары бұл үрдіс тереңдей түсті: банктерді құтқаруға, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды», – деп түсіндіреді ол.
Активтерді басқару және инвестициялық саясат
Қор жинақтау және тұрақтандыру функциясын тиімді артқаруы үшін қор активтері екі бөлек: жинақ және тұрақтандыру портфелінде сақталған.
Тұрақтандыру портфелі қысқа мерзімді өтімді қаржы құралдарынан тұрады. Ал жинақ портфельдегі активтердің 60%-ы облигацияларға, 30%-ы акцияларға орналастырылған. Сонымен қатар 5%-ға дейін балама инвестициялық құралдар мен шамамен 5%-ы алтынға салынған.
Алайда соңғы жылдары Ұлттық қордың активтері азайып келеді, өйткені үкімет бюджетке қажет қаржыны қордан алып отыр. Ұлттық банк дерегінше, қор құрылғалы бергі кезеңде (2001–2024 жж.) жиынтық инвестициялық кіріс 25,9 млрд долларды, ал орташа жылдық табыстылық 3,55%-ды құраған.

Сарапшы Сапарбай Жобаев Ұлттық қор инвестициялық табысының төмен болып көрінуін ұлттық валюта бағамының құнсыздану әсерімен түсіндіреді.
«Қор активтері негізінен АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына және өзге дамыған елдердің қаржы құралдарына инвестицияланады. Активтер көбіне шетел валютасында сақталады, алайда есеп-қисап теңгемен жүргізілетіндіктен, айырбас бағамы өзгергенде қор көлемі азайғандай болып көрінеді», – дейді ол.
Қордың инвестициялық саясаты кірістілікті АҚШ долларымен есептеледі. 2023 жылы Президент бекіткен Ұлттық қорды басқару туралы тұжырымдамада қор активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд-қа жеткізу міндеті қойылған.
Ұлттық қордың ашықтығы қандай деңгейде?
Ұлттық қор қызметінің ашықтығы мен есептілігіне қойылатын талаптар 2023 жылғы тұжырымдамада да, 2025 жылы күшіне енген жаңа Бюджет кодексінде де нақты жазылған. Соған сәйкес Қаржы министрлігі ай сайын Ұлттық қордың кірісі пен шығыс туралы мәліметті, сондай-ақ жыл сайын қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есепті жариялап отыруы тиіс. Ал Ұлттық банк өз сайтында ай сайын қор активтері көлемі туралы, жыл сайын активтерді басқару нәтижелері туралы есепті жариялап отыруға міндетті.
Алайда кейінгі жылдары іс жүзінде бұл талаптар толық орындалмай отыр. Мысалы, Қаржы министрлігі ай сайынғы кіріс пен шығыс бойынша қысқаша деректерді, 2001-2019 жылдар аралығында президент жарлығымен бекітілген есепті жариялап отырғанымен, 2021, 2022 және 2023 жылғы Ұлттық қорды пайдалану жөніндегі толыққанды жылдық есепті өз интернет-ресурсында орналастырмады. Сайтта 2021 және 2022 жылғы есептің жасалғаны жайлы ақпарат қана бар. Ал 2021 – 2022 жылғы есеп құжаты «Әділет» жүйесінде де, министрлік сайтында орналастырылмағандай. Тек құжат атауымен іздегенде gov.kz сайтынан жеке файл болып шығады. Дәл осы жылы қор активтері 2,6 трлн теңге инвестициялық шығын шеккен.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің берген ресми жауабында Ұлттық қордың 2023 жылғы есебі Бюджет кодексінің ескі редакциясына сәйкес, 2024 жылғы 28 маусымда баспасөзде («Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде) жарияланғаны айтылған.
Ал 2024 жылы Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдалану туралы есеп жақында ғана, 22 шілдеде жарияланды. Бұл – президент жарлығымен бекітілген, сенімгерлік басқару нәтижесі мен тәуелсіз аудитор қорытындысын қамтитын толыққанды есеп.
Жалпы, ашықтық ұғымы тек цифрлық есеп жариялаумен шектелмейді. Сарапшылардың тұжырымдауынша, мемлекеттік әл-ауқат қорлары үшін ашықтық – шешім қабылдау үдерісінің айқындығы, инвестициялық стратегиялар мен тәуекелдерді басқару тәсілдері туралы мәліметтің ашықтығы, табыс көздерінің құрылымы мен бақылау тетіктерінің жариялылығы деген сөз.
Экономист Аягөз Ханеттің айтуынша, халықаралық тәжірибеде мемлекеттік қорлардың ашықтығын бағалау үшін Сантьяго принциптері сияқты арнайы принциптер мен индекстер қолданылады. 2008 жылы 25 елдің қатысуымен қабылданған Сантьяго принциптері – мемлекеттік әл-ауқат қорларын жауапты, ашық әрі тиімді басқаруға бағытталған 24 қағидат жиынтығы. Қазақстан 2014 жылдан бері Сантьяго принциптерін қолдайтын елдер қатарында болғанымен, бұл мүшелік автоматты түрде толық ашықтықты қамтамасыз етпейді. Бұл принциптер ерікті түрде қолданылатындықтан, әр елдің ашықтық деңгейінде үлкен айырмашылық бар.
Мысалы, тәуелсіз қорлардың ашықтығын бағалайтын Linaburg–Maduell индексі және Truman Scoreboard рейтингісінде Қазақстанның Ұлттық қоры төменгі орындарда тұр. Linaburg–Maduell индексі бойынша Қазақстан 10 балдың 5-ін ғана алған (БАӘ, Қытай сияқты ашықтығы төмен елдер деңгейінде). Ең жоғары 9–10 балл Норвегия, Чили, Аустралия, АҚШ қорларына беріледі. Бұл Қазақстанда қор туралы мәліметтер шектеулі көлемде, кешігіп және жүйесіз берілетінін көрсетеді.
Сарапшылардың пайымынша, Қазақстан Ұлттық қорының ашықтығын арттыру бағытында соңғы жылдары кейбір қадамдар жасалғанымен, атқарылатын жұмыс әлі де көп.
«Мемлекеттік жинақтаушы қорлар үшін ашықтық – жай техникалық талап емес, стратегиялық маңызды құндылық. Ол қаржы тәртібін күшейтіп, қоғамның сенімін арттырып қана қоймай, елдің халықаралық қаржы нарығындағы беделін нығайтады. Қазақстанның Сантьяго принциптерін ұстануы – оң қадам. Бірақ қазіргі көрсеткіштер толық ашықтыққа қол жеткіздік дегенді білдірмейді. Жүйе бар, оны әрі қарай жетілдіруге болады. Ең бастысы – Қазақстан әлемдік қауымдастықпен ортақ ереже-стандарттарды қабылдап, сенімді әрі кәсіби қор ретінде дамуға ұмтылып отыр», – дейді Аягөз Ханет.
Экономист Меруерт Махмұтова Ұлттық қор төңірегіндегі ахуалға жиырма жылдан астам уақыт талдау жасап келеді. Оның айтуынша, екі мыңыншы жылдардың ортасына дейін Ұлттық қор активтері жайлы мәліметтер өте ашық болатын.
«Ақша қандай валютада инвестицияланып жатқаны – доллар ма, еуро ма, фунт па – барлығы Ұлттық банктің ресми сайтында көрсетіліп отыратын. Тіпті сол жылдары қордың жеке веб-сайты жұмыс істеді, ол арқылы қандай активке қанша қаржы салынғаны, қандай сыртқы басқарушы компаниялар тартылғаны туралы мәліметтер ашық еді», – деп еске алады сарапшы. – Алайда жыл өткен сайын бұл ашықтық азая берді. Соңғы 10 жылда жарияланатын ақпарат көлемі күрт қысқарды. Әсіресе жылдық аудит есебінің жарияланбауы – үлкен мәселе”, – дейді М. Махмұтова.
Сондықтан Меруерт Махмұтова Ұлттық қор актитері қай елдердің құнды қағаздарына инвестицияланып жатыр, қандай валюталық активтерге жұмсап жатыр, оны кім меңгеріп жатыр және менеджер қор қаржысын қалай басқарып жатқанын бағалайтындай жан-жақты ақпарат жоқ деп тұжырымдайды.

Норвегия мен Әзірбайжан қорларының артықшылығы неде?
Қазақстанның Ұлттық қорын басқару тәжірибесін әлемдегі үздік үлгілермен салыстырғанда, алдымен көзге түсетіні – ашықтық пен есептілік деңгейінің төмендігі. Бұл ретте Қазақстан үшін үлгі бола алатын екі ірі қор бар: Норвегияның Үкіметтік зейнетақы қоры (GPFG) және Әзірбайжанның Мұнай қоры (SOFAZ). Екеуі де – халық байлығын басқарудағы ашықтық пен тиімділіктің жарқын мысалы.
Норвегияның GPFG қоры – халық меншігі, оны үкімет басқарып, Парламент алдында есеп береді. Қазақстанда да Ұлттық қор халықтың игілігі деп танылғанымен, іс жүзінде оны бақылауда үкіметтің рөлі басым, ал Парламенттің ықпалы шектеулі.
Басқару құрылымында да айырмашылық бар.
Норвегияда стратегиялық шешімдерді Қаржы министрлігі қабылдайды, ал инвестицияны кәсіби менеджер– Norges Bank Investment Management жүзеге асырады. Қазақстанда бұл міндет Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке жүктелген.
Есеп беру жүйесі – айтарлықтай ерекшеленетін тұс.
GPFG жыл сайын 30 беттен асатын аудиттелген толық есеп жариялайды. Онда барлық инвестициялар, тәуекелдер мен табыстар егжей-тегжей көрсетіледі. Қазақстан Ұлттық банкінің жылдық есебінде Ұлттық қорға арналған бөлігі 4-5 беттен аспайды, әрі онда Қаржы министрлігінің бұрын жариялаған деректері қайталанады.
Инвестициялық портфель құрылымында да айырмашылық бар. GPFG бүкіл әлем бойынша мыңдаған компания, ірі мемлекет облигацияларына, жылжымайтын мүлік пен баламалы жобаларға инвестиция салады. Ал Қазақстан қоры негізінен облигациялар, алтын және жаһандық акцияларға бағытталған.
Инвестиция ашықтығы – басты артықшылықтардың бірі.
GPFG веб-сайтында нақты қандай компанияға қанша ақша салынғаны, қандай табыс әкелгені — бәрі ашық. Қазақстан Ұлттық қорында мұндай ашық дерекқор жоқ, тек жалпы үлестер (мысалы, 60% облигация, 30% акция деген сияқты) ғана көрсетіледі.
Сондай-ақ, Әзербайжанның SOFAZ қоры да ашықтық тұрғысынан үлгі. Бұл қордың да дербес сайты бар, онда қордың басқарушы кеңесі мен жетекшілерінің есімі, қызметтің құқықтық негіздері, әр тоқсанның нәтижесі тұрақты жарияланады. SOFAZ-дың жылдық есебінде тіпті мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялар және олар қорға қанша ақша аударғанына дейін жазылады.
Ал Қазақстанда Ұлттық қордың жеке сайты жоқ және жылдық есептің өзі толық форматта дайындалмайды. Бұл жағдайды «ресми орындар әдейі ашықтықтан қашқақтайды» деп біржақты түсіндіруге де болмас.
Себебі дәл сол Ұлттық банк басқаратын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) сайтындағы деректер базасы ашық. Қазіргі кезде зейнетақы қорында 12,4 млн қазақстандықтың 23 трлн теңгеге жуық зейнетақы жинағы жинақталған.
БЖЗҚ сайтының негізі бетінде қордың негізі көрсеткіштері: жеке зейнетақы шоттарының саны, қанша қаражат жинақталғаны, қандай инвеститивиялық табыс алғаны жазылған. Ал сайттың «статистика және аналитика» бөлімінде:
- Зейнетақы жинақтары мен шоттары
- Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару
- «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша көрсеткіштер
- Қаржылық есептілік
- Халықаралық тәжірибе мен сараптамалық пікір
- Актуарлық есептеулер мен болжамдар
- Жылдық есеп
- Әлеуметтік сауалнама қорытындылары жарияланады.
Сайтта Ұлттық банктің басқаруындағы активтермен қатар, жеке инвестициялық басқарушылардың портфелі мен табыстылығы ашық ұсынылады.
Одан бөлек әр салымшы жеке кабинетінен өз зейнетақы жинағының жай-күйін бақылай алады. Онда шоттағы сома, жарна аударымдарының тарихы, инвестициялық табысы, инвестициялық табыс есебінен шотындағы ақшасының азайып-көбейгені – бәрі толық көрініс табады.
Демек, Ұлттық банк басқарып отырған қос қордың ашықтық деңгейі де әртүрлі. Бұл ретте Ұлттық банк БЖЗҚ актвтеріне қатысты ұстанған ашықтық принципін Ұлттық қорға қатысты да қолдануына болатыны байқаймыз. БЖЗҚ тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық қорға айналған жеке сайт ашуына мүмкіндік бар.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы
2024 жылдан іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да халықтың қорға деген қызығушылығын күрт арттырды.
«Zertteu Research Institute» атқарушы директоры, экономист Шолпан Әйтенова соңғыжылдары Ұлттық қор тақырыбына қоғамның назарын аудартқан басты фактор – осы жаңа бағдарлама екенін айтады. Бұл бастама қазіргі кезде 6 миллионға жуық қазақстандық бала мен олардың ата-аналарын қамтып отыр. 2023 жыл қорытындысы бойынша әр балаға $100 мөлшерінде, ал 2024 жыл үшін $129 шамасында қаражат бөлінді.

«Қазіргі күні 6 миллион бала мен олардың ата-анасы «Ұлттық қор деген не, қанша қаражат бар, қалай басқарылады?» деп сұрақ қойып отыр. Сондықтан Ұлттық қордың жеке сайтын ашатын уақыт жетті», – дейді Шолпан Әйтенова.
Экономист Меруерт Махмұтова Қазақстан тұрғындарының көпшілігі Ұлттық қорды халықтың меншігі деп санамайтынын атап өтеді.
«Халық пен қор арасында байланыс жоқтың қасы. Көпшілік оны Үкіметтің ақшасы деп түсінеді. 2004 жылы қор табысын азаматтарға бөліп беру туралы ұсыныс айтылғанымен, тек 2024 жылы ғана бұл бастама жүзеге асты. Мен бұл идеяны қолдаймын – халық өзін осы қаражаттың иесі ретінде сезінуге тиіс», – дейді экономист.
Сондықтан оның пайымдауынша, Ұлттық қор қаражаты ең алдымен елдің әлеуметтік проблемаларын шешуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі керек.
«Ұлттық қорды ашық әрі жауапты басқару – біздің болашақ ұрпақ алдындағы басты міндетіміздің бірі» – деп түйіндейді сарапшы.

Қалыптасқан жағдай мен сарапшылардың пікірін негізге ала отырып, мәселенің шешімін табу үшін төмендегі ұсыныстарды ұсынамыз:
- Ұлттық қорға қатысты арнайы заң қабылдау.
- Ұлттық қордың жеке веб-сайтын ашып, барлық қаржылық деректерді ашық түрде жариялау.
- Ұлттық қор бойынша жылдық және тоқсандық есептерді толық форматта, уақытылы және ашық түрде жариялап отыру.
- Қор қызметіне парламенттік және қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу.
- Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің тиімділігін бағалау үшін тәуелсіз жүйе құру.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.