Зейнетақы қаржысы қайда инвестицияланы: БЖЗҚ активтерін кім қалай басқарады

2025 жылдың маусым айында қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 23,5 трлн теңгеден асты. Бұл қаражат босқа жатқан жоқ: оны сенімгерлік басқаруға алған ұйымдар оны түрлі қаржы құралдарына орналастырып, табыс табуға тырысып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) маусым айындағы инвестициялық қызметінің есебін жариялады. Осы құжатқа сүйене отырып, әр басқарушы компанияның зейнетақы ақшасына қалай қарап отырғанын шолып өтсек.
Ұлттық банк басқаратын активтер
Ең ірі басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Оның қарамағында зейнетақы активтерінің басым бөлігі 23,47 трлн теңге шоғырланған. Бұл – бүкіл портфельдің 99 пайызынан астамы. Жыл басынан бері бас банк басқаруындағы активтер 371 млрд теңге инвесттабыс алған.
Ұлттық банк маусым айында бірқатар маңызды мәміле жасады. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының облигациялары 90 млрд теңгеге сатып алынды. Бұл бағалы қағаздар жылдық табыстылығы инфляциядан бөлек 3,5 пайыздық маржамен есептеледі, яғни олар жоғары табыстылық береді. Бұған қоса, «Бәйтерек» холдингінің облигациялары 69,9 млрд теңгеге сатып алынып, жылдық табыстылығы 17,5%-ға жетті.
Сонымен қатар, АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына да 61,4 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған.
Ұлттық банктің инвестициялық стратегиясы негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздарға бағытталған. Мысалы, ҚР Қаржы министрлігінің облигациялары бүкіл портфельдің 43,7%-ын құрайды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордың үлесі – 9%, банктердің облигациялары – 3,2%, шетелдік МБҚ – 2%, ал халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 1,2%. Бұл бағыттардың барлығы тұрақты табыс әкеледі және тәуекелі төмен.
Ұлттық банктен бөлек, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің бір бөлігін жекеменшік басқарушы компанияларға да сеніп тапсырған. Олардың әрқайсысының инвестициялық тәсілі әртүрлі.
Halyk Finance
37,4 млрд теңгені басқарған бұл компания жоғары табыстылыққа ұмтылуда. Жыл басынан бергі табысы 2,53% болды. Компания портфелінің жартысынан астамын ҚР мемлекеттік облигациялары құрайды, ал шетелдік бағалы қағаздарға – шамамен 27% салынған. АҚШ, Филиппин, Үндістан активтерімен жұмыс істейді. Жыл басынан бері 982 млм теңге инвестициялық табыс алған.
Jusan Invest
12,2 млрд теңгені басқаратын Jusan Invest өз активтерінің едәуір бөлігін шетелдік құралдарға бағыттаған – 37%. Компания Ресей облигацияларына да қаражат салып отыр. Жылдық табысы 13,07%-ды құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздар үлесі – 36,8%, квазимемлекеттік сектор мен ЕДБ облигациялары да бар. Биылғы инвестициялық табысы 464 млн теңгені құрады.
Halyk Global Markets
5,8 млрд теңге көлеміндегі активтерді басқарған бұл ұйым да теңгерімді стратегияны ұстанады. Мемлекеттік облигациялардың үлесі – 27%, ал шетелдік бағалы қағаздар – 24%. АҚШ, Корея және Норвегия активтері кездеседі. Жылдық табысы – 13,08%. Инвестициялық қызмет есебінен 184 млн теңге түскен.
BCC Invest
6,8 млрд теңгені басқарған бұл ұйым табысты салымдарымен ерекшеленбейді, бірақ қауіпсіз инвестицияларға басымдық береді. Ең көп салым Бермуд аралдары активтерінде – бұл күтпеген таңдау. Жыл басынан бергі табысы 4,58 пайыз, яғни 288 млн теңгені құрады.
«Сентрас Секьюритиз»
2,5 млрд теңге активті басқарғанымен, ең жоғары табыстылықты – 6,23% көрсетті. Бұл басқарушы компания активтерін Қазақстан мен АҚШ нарығында тиімді орналастыра білген. Нәтижесінде 145 млн теңге инвесттабыс алды.