
Meloman Entertainment кинокомпаниясы «Аңдар шаһары 2» (Zootopia 2) мультфильмінің қазақ тіліне дубляждалған ресми трейлерін жариялады.
Анимациялық туынды Қазақстан кинотеатрларында 2025 жылдың 27 қарашасынан бастап көрсетіледі.
Сюжетке сәйкес, оқиға антропоморфты жануарлар мекендейтін алып мегаполис — Аңдар шаһары әлемінде өрбиді. Басты кейіпкер Джуди Хопс — осы әлемдегі алғашқы қоян полицей. Қоян бастығынан қарсы болғанына қарамастан, үлкен қылмысты ашуға бел буады. Оған айлакер әрі тапқыр Ник Уайлд атты түлкі көмектеседі.
Жаңа бөлімде Ник (түлкі) ресми түрде полиция қатарына қабылданып, Джудидің әріптесіне айналады. Екеуінің оқиғасы енді жаңа деңгейде өрбитін болады.
2016 жылы шыққан алғашқы «Аңдар шаһары» фильмі үлкен табысқа жетіп, IMDb сайтында 8.0, ал Кинопоиск порталында 8.3 балл жинаған. Сонымен қатар, туынды «Үздік анимациялық фильм» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығын да жеңіп алған болатын.

Екінші бөлімнің премьерасы 2025 жылғы 27 қарашаға жоспарланған. Мультфильмді қазақ тілінде де тамашалауға мүмкіндік бар.