НАСА 2030 жылға дейін Айға ядролық реактор орнатпақ

АҚШ-тың NASA агенттігі 2030 жылға дейін Ай бетінде ядролық реактор орнатуды жоспарлап отыр. Мақсат – Айда адам тұратын база жасау.
BBC ақпаратына қарағанда, бұл бастама Айда тұрақты түрде адам өмір сүруге қолайлы база құруға бағытталған кең ауқымды жобаның бір бөлігі.
Неліктен ядролық реактор қажет?
NASA-ның мәліметінше, Айдағы энергия мәселесін шешудің ең тиімді жолы – ядролық қуат көзі. Себебі бір айлық күн циклінде екі апта жарық, екі апта қараңғы болады. Бұл күн панельдерін толыққанды пайдалануға кедергі келтіреді.
«Ядролық энергетика – бұл қажеттілік. Ол жай ғана балама емес, міндетті жол», – дейді Суррей университетінің ғалымы доктор Сангву Лим.
АҚШ пен басқа елдер арасындағы бәсекелестік
NASA басшылығы Қытай мен Ресейдің де Айда энергетикалық құрылғылар орнату жоспарын жариялағанын атап өтті. Бұл елдер 2035 жылға дейін автоматтандырылған атом электр станциясын салуды көздеп отыр.
«Біз Ай мен Марста болашақ экономиканы дамыту үшін және ғарыштағы ұлттық қауіпсіздікті күшейту үшін әрекет етуіміз керек», – деді АҚШ көлік министрі әрі уақытша NASA басшысы Шон Даффи.
Реактор қандай болуы керек?
NASA коммерциялық компанияларға 100 киловатттан кем емес қуат өндіретін реактор жобасын ұсынуға шақырды. Бұл қуат мөлшері шағын болғанымен, Айдағы қажеттілікті өтеуге жеткілікті деп есептеледі. 2022 жылы агенттік 5 млн долларлық үш келісімшарт жасап, жобаны бастады.
Қауіпсіздік пен қаржыландыру мәселелері
Атом реакторын Жерден Айға жеткізу – техникалық жағынан мүмкін болғанымен, қауіпсіздік пен қаржыландыру тұрғысынан күрделі міндет. Қазіргі кезде NASA бюджеті 24%-ға қысқарып, бірқатар ғылыми жобалар тоқтатылған.
«Егер базаға арналған ядролық қуат көзі болса, бірақ адамдар мен құрылғыларды жеткізу мүмкін болмаса, оның пайдасы шамалы», – дейді ғалым Симеон Барбер.
Халықаралық құқық және «Артемида келісімдері»
2020 жылы жеті ел Айдағы ынтымақтастық ережелерін белгілейтін «Артемида келісіміне» қол қойған. Онда құрылыс аймағы айналасында «қауіпсіздік аймақтарын» құру қарастырылған. Бірақ кейбір сарапшылар бұл механизм «Айдың бір бөлігін меншіктеу» ретінде қабылдануы мүмкін екенін ескертеді.
Мұның алдында NASA Айға адам ұшыру жоспарын жариялаған еді.