Моделі тым арық болғаны үшін Zara бренді жарнамасына тыйым салынды

Ұлыбританияның Жарнама стандарттары агенттігі Zara бренді жарнамасын тоқтатты. Өйткені, екі фотосуретте модельдері тым арық болған.
ВВС ақпаратына қарағанда, сарапшыларға ондағы модельдер «адам денсаулығына қауіп төндіретіндей арық» көрінген.
Жауапсыз жарнама
ASA мәлімдемесіне сәйкес, бір модельдің көлеңке түсіруі мен артқа жинақталған шашы оны «қатты арықтап кеткендей» етіп көрсетеді. Екінші суретте терең ойық жейде бұғанасы шыққан денесін айқындай түскен.
«Бұл жарнамалар жауапсыз жасалған. Zara бренді болашақта мұндай суреттерді жарияламауы керек», — делінген агенттік мәлімдемесінде.
Zara не дейді?
Компания бұл жарнамаларды алып тастады. Сондай-ақ екі модель де түсірілім кезінде медициналық тұрғыдан дені сау болғанын растады. Олар бұған дәлел ретінде дәрігердің анықтамаларын көрсеткен.
Zara-ның айтуынша, фотосуреттерге тек жарық пен түстер бойынша болмашы түзетулер енгізілген.
Компания модельдердің денсаулығын бақылайтын «Денсаулықты қалыптастыру» атты Ұлыбританиялық 2007 жылғы есептеме ұсынымдарына сай әрекет еткен.
Басқа брендтер де сынға ілікті
Zara-дан бөлек, басқа брендтердің де жарнамалары бұған дейін осындай себеппен тоқтатылған болатын.
Marks & Spencer шілде айында жарнамасындағы модель «денсаулыққа зиянды арық» көрінгені үшін сыналды.
Next көк түсті тар джинсы жарнамасы модельдің аяғы тым арық көрсетілгені үшін тыйым салынды.
Оқырмандар наразылығы
Бірқатар оқырмандар «тым арық» модельдерді шектеу бар, ал артық салмақты насихаттайтын жарнамаларға тыйым неге жоқ?» деген сұрақтар туындағанын да айтты.
Айта кететін жайт, алматылықтар бренд заттарын жеңілдікпен алу үшін кезекте тұрғанын жазған едік. Оның ішінде Zara бренді де бар.