Lifestyle

Абай облысындағы түрмеде ақындар айтысы өтті

Түрмедегі ақындар айтысы / фото: polisia.kz
Түрмедегі ақындар айтысы / фото: polisia.kz

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №21 мекемесінде ақындар айтысы өтті. Өнер сайысы кемеңгер ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайты хабарлайды.

Министрлік мәліметінше, мекеме қызметкерлері арасында өткен айтыс «көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық өнерге деген құрметтің биік екенін тағы бір дәлелдеді».

«Домбыраның құлағында ойнаған, сөз саптауы көркем, шешендігімен ерекшеленген қызметкерлер «әй демейтін қазақ жоқ» деген нақылды шынайы әрекеттерімен дәлелдеп берді. Айтыс Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды», – деп жазды polisia.kz.

Сайтта жарияланған ақпаратқа қарағанда, айтысқа қатысқан қызметкерлер өнерін ғана емес, парасат-пайымын, ұлттық болмысқа деген жанашырлығын көрсете білді.

Полиция таратқан мәліметте ақындар айтысының жеңімпаздары туралы мәлімет жоқ. Бұған қоса, өнер жарысына мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтардың қатысқан-қатыспағаны белгісіз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады.