Әубәкіров: Талғат Мұсабаев — халықтың арманын орындаған нағыз Қаһарман

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Business News бөлімінің тілшісі
Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсіміне жиналған қоғам қайраткерлері / фото: Меліс Сейдахметов
Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсіміне жиналған қоғам қайраткерлері / фото: Меліс Сейдахметов

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімінде сөз сөйледі. Ол марқұмды нағыз қаһарман деп атады.

«Бүгін өте қайғылы жиын болып тұр. Халық Қаһарманы, ғарышқа үш мәрте көтерілген, одан қалды ашық космосқа шығып, Гиннес рекордына енген азамат біздің ортамыздан кетіп бара жатыр», – деп бастады сөзін Әубәкіров.

Ол үш мәрте ғарышқа көтерілген Мұсабаевты нағыз қаһарман деп атады.

«Талғат Амангелдіұлы шынымен халық қаһарманы еді. Қолға алған әр ісін аяқтағанша тыным таппайтын. Ғарышқа ұшам деп талпынды. Алғаш оралған уақытта қиын екенін айтты, бірақ тағы ұшам деп серт берді. Арманына жетті. Халықтың арманын орындады», – деді ғарышкер.

Бұған қоса, Әубәкіров марқұмның отансүйгіштік қасиетін атап өтті.

«Ресейде қалған жоқ. Қазақстанға оралды. Осында келіп, үлкен мекемені басқарды. Оны қазіргі деңгейге жеткізді. Себебі ол басқарған мекеме қазір спутниктер шығарып жатыр. Ол да Талғаттың арқасы. Ғарыш айлағында спутниктер ұшыратын «Бәйтеректі» де Талғат басқарды», – деді ғарышкер.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне тағы бір қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов те келді.

Ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі / фото: Меліс Сейдахметов
Ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі / фото: Меліс Сейдахметов

Ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі Алматыдағы Офицерлер үйінде өтіп жатыр

2025 жылғы 4 тамызда ғарышкер, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаев 75 жасқа қараған шағында дүние салды.

Сондай-ақ оқыңыз