Микроқаржы ұйымы банк болып қайта тіркелді

Жарияланды 6 Тамыз 2025 13:08

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: kmf.kz
Фото: kmf.kz

«КМЕ (КМФ)» микроқаржы ұйымы» АҚ «KMF Банк» АҚ болып қайтадан мемлекеттік тіркеуден өтті. Мәлімет Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.

Мәліметке қарағанда, заңды тұлға «Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясының» Алматы қаласы бойынша филиалында қайта тіркелген. Құжат 1 тамызда рәсімделген.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің аяғында қаржы мекемесі 2025 жылғы тамыздан бастап азаматтарға банк қызметін ұсынатынын хабарлады. Соған байланысты KMF 30 шілдеден бастап 3 тамызға дейін қаржы операцияларының барлық түрін тоқтатты.

Қаржы мекемесіндегілер осы уақытқа жоспарланған төлемдерді 4-8 тамыз аралығында ешқандай комиссиясыз, айыппұлсыз және өсімпұлсыз төлеуге болатынын ескертті. Төлемді кассалар мен KMF терминалдарында жүзеге асыруға болады.

Шағын несие беруші ұйым 2025 жылғы наурызда банкке айналуға рұқсат алған. Құзырлы мекеме мұндай шешімді банк саласында бәсекені күшейту мақсатында қабылдаған.

2025 жылғы шілдеде Fitch Ratings агенттігі «KMF (КМФ)» қаржы ұйымына «B+» және «BBB(kaz)» рейтингін берді. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».

KMF нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компанияның 17 филиалы мен 122 бөлімшесі бар. KMF жеке тұлғаларға, шағын және орта кәсіпке қаржы қызметтерін ұсынады, сонымен бірге ауыл шаруашылығының дамуын қолдайды.

Ұлттық банктің 1 сәуірдегі мәліметінше, KMF МҚҰ осы сектордағы 213 ұйымның ішінде бірінші орында тұр. Активі – 347,6 млрд теңге, кредит портфелі – 228,6 млрд теңге. Таза пайдасы – 2,4 млрд теңге.

KASE мәліметінше, компания акцияларының 60,44%-ы «KMF — ДЕМЕУ» компаниясына тиесілі. 9,9%-ы MultiConcept Fund Management S.A үлесінде. Legal Owner Emerging Markets B.V. мен KAZ Finance B.V үлестері – 6,72% . Тағы 6,22% Legal Owner Triodos Funds B.V. компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз